Бүгiн 2026, 09:47 Фото: ҚТЖ

Қазақстанда Жеңіс күніне орай арнайы пойыздар жолға шықты

Вагондарға аңызға айналған тұлғалардың портреттері орналастырылған.

Жеңіс күні Астана теміржол вокзалынан тақырыптық безендірілген пойыздар жолға шықты – Тальго №9/10 «Астана – Алматы», №85/86 «Астана – Шымкент», №6803/6804 «Астана – Атбасар» электр пойызы, №7502/7501 «Астана – Павлодар» және №7507/7508 «Астана – Көкшетау» бағыттары. Бұл құрамдар Ұлы Жеңістің 81 жылдығына және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандық батырлардың өшпес ерлігіне арналған, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚТЖ-ға сілтеме жасап.

Вагондарға тарихта есімі қалған соғыс ардагерлері мен батырлардың – Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Нүркен Әбдіров, Төлеуғали Әбдібеков, Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин және Талғат Бигелдиновтың портреттері ілінген.

Алғашқы жолаушылар тақырыптық пойыздардың жолға шығуын ерекше ықыласпен қарсы алды. Көпшілік мерекелік безендірілген вагондардың жанында суретке түсіп, Жеңіс күнінің атмосферасын бірге сезінді.

Ұлттық тасымалдаушы мұндай бастамаларды дәстүрлі түрде жүзеге асырып келеді. Компания жыл сайын мемлекеттік және ұлттық мерекелерге орай пойыздарды арнайы безендіреді. Бұл тарихи жадыны сақтауға ғана емес, жолаушыларға сапар барысында ерекше көңіл күй сыйлауға да мүмкіндік береді.

Безендірілген пойыздар мамыр айының соңына дейін қатынайды. Осы уақыт аралығында елорда тұрғындары мен қонақтары тарихқа тағзым етіп, сапар кезінде батырлардың ерлігіне құрмет көрсете алады.