Қазақстанда жекеменшік компаниялардың орташа жалақысы қандай
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында жекеменшік компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбекақы деңгейі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Үкімет жекеменшік секторға ықпал ете алмайды.
Шынымды айтсам, тоғыз айдың қорытындысы бойынша номиналды жалақы өсімі 10%-ды құрады. Ал нақты өсім – минус, өздеріңіз білесіздер, бұл ең алдымен инфляцияның жоғары болуымен байланысты. Бірақ жыл әлі аяқталған жоқ. Халықтың табысы деген тек айлықпен өлшенбейді. Жыл соңында 13-ші жалақы беріледі. Бұл – басшының ұжымға сыйақы беруіне, қосымша төлемдер тағайындауына байланысты, – деп атап өтті вице-премьер.
Сонымен қатар ол жекеменшік сектор да жалақыны көтеруге белсенді кірісе бастағанын алға тартты.
Қазір орташа жалақы – 429 мың теңге. Бұл – 10 пайыздық өсім. Жұмыс тұрақты түрде жүріп жатыр. Басты мақсатымыз – инфляция халықтың табысын жеп қоймауы. Біз "халықтың нақты табысын 2–3 пайызға өсіреміз" десек, бұл инфляциядан бөлек тағы 2–3 пайыз номиналды өсім болуы керек деген сөз», – деді Серік Жұманғарин.