21 Шілде 2026, 14:54 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда жеке деректер тарап жатыр ма? Министрлік ресми мәлімдеме жасады

Көлеңкелі желіде қазақстандық ұйымдардың деректер базасы көбейгені айтылды. Министрлік бұған не деді және қауіп қаншалықты үлкен?

2026 жылы Қазақстанның мемлекеттік секторындағы ақпараттық жүйелерден жеке деректердің сыртқа таралуы тіркелген жоқ. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін F6 компаниясының мамандары 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында көлеңкелі интернет-ресурстарда қазақстандық ұйымдардың деректер базасына қатысты 12 жаңа жарияланым анықталғанын хабарлаған болатын. Бұл – 2025 жылдың қорытындысындағы көрсеткішпен бірдей әрі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда алты есе көп.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы ақпаратқа түсініктеме берген вице-министр келтірілген статистиканың қайдан алынғанын білмейтінін айтты. Сонымен қатар ол биыл мемлекеттік секторда деректердің таралу деректері тіркелмегенін нақтылады.

Бұл статистиканың қайдан алынғаны маған түсініксіз. Биыл мемлекеттік секторда ешқандай деректердің таралуы болған жоқ. Жалпы, мемлекеттік секторда мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі, – деді Досжан Мұсалиев.

Оның айтуынша, интернетте жарияланып жатқан көлемді жеке деректер жиынтығы әрдайым жаңа деректердің таралуының нәтижесі бола бермейді. Кей жағдайда киберқылмыскерлер жылдар бойы түрлі дереккөздерде жиналған мәліметтерді біріктіріп, бір үлкен база қалыптастырады.

Жаңалықтарда айтылып жатқан деректер әртүрлі базаларда жылдар бойы жиналуы немесе кездейсоқ интернетке шығып кетуі мүмкін. Кейін оларды жинақтап, бір үлкен деректер қорына біріктіреді. Сондықтан мемлекеттік секторда ірі көлемдегі деректердің таралуы болып жатыр деп айта алмаймын, – деп түсіндірді вице-министр.

Сондай-ақ ол ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін күшейту мақсатында киберқауіпсіздік туралы заң қабылданғанын айтты. Заң цифрлық жүйелердің иелеріне қосымша талаптар қояды. Бұдан бөлек, мемлекет осы саладағы кейінгі бақылауды күшейтіп, тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуге дайындалып жатыр. Дегенмен адам факторына байланысты деректердің таралуын толықтай болдырмау мүмкін емес.

Ұйымда жұмыс істейтін қызметкер белгілі бір жүйеге қол жеткізе алады. Хакер оны алдап, есептік жазбасына қол жеткізуі мүмкін. Соның салдарынан деректерді иемденіп кетеді. Сондықтан біз азаматтарға цифрлық қауіпсіздік талаптарын үнемі сақтауды ұсынамыз, – деді Досжан Мұсалиев.

Айта кету керек, F6 компаниясының статистикасы Қазақстандағы барлық ұйымдарды қамтиды. Ал вице-министрдің мәлімдемесі тек мемлекеттік сектордағы ақпараттық жүйелерге қатысты болды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, киберқауіпсіздік бойынша оқыту барлық сала қызметкерлеріне міндеттеледі. 

Тағы оқи отырыңыз: Дербес деректердің қауіпсіздігі: Қазақстанда бақылау күшейеді