Қазақстанда жаяу жүргіншілерді алкотестермен тексере ме?
Қазақстанда 16 қыркүйектен бастап жүргізушілерді мас күйін анықтау ережелері өзгерді. Жаяу жүргіншілерге жаңа талаптар енгізілген жоқ, тек жүргізушілер алкотестер не медициналық куәландырудан өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңартылған нормалар 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді және тек көлік жүргізушілеріне қатысты.
Ішкі істер министрлігі түсіндіргендей, жүргізушіні куәландыруға жіберудің негіздері өзгеріссіз қалды, яғни жүргізушінің алкогольдік, есірткілік немесе басқа да мас күйде екенін болжауға мүмкіндік беретін белгілердің болуы. Жаңа ережелер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 796-бабымен реттеледі және тек әкімшілік іс жүргізу шеңберінде қолданылады.
Басты жаңалық – рәсімнің өзінде емес, құжаттың құқықтық мәртебесінде. Бұған дейін куәландыру тәртібі Үкімет қаулысымен бекітілсе, енді ол Ішкі істер министрінің бұйрығымен рәсімделді. Мұндай тәсіл децентрализация бағытына және бюрократияны азайтуға сәйкес келеді, сонымен бірге нормативтік актілерді жедел жаңартуға мүмкіндік береді, - делінген ІІМ хабарламасында.
Рәсім өзгерген жоқ: жүргізушіні алкотестер арқылы тексеруі мүмкін немесе медициналық куәландыруға жібереді. Бұл ретте азаматтың алкотестерден өтуден бас тартып, медициналық мекемеде рәсімдеуден өтуге құқығы бар. Алайда ІІМ еске салады: куәландырудан бас тарту немесе одан жалтару ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
Жаяу жүргіншілер мен басқа жол қозғалысына қатысушыларға бұл жаңа ережелер қолданылмайды – олар үшін қосымша тексерулер немесе рәсімдер енгізілген жоқ.