Бүгiн 2026, 19:31 Фото: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

Қазақстанда жастар омыртқа ауруына жиі шалдыға бастаған

Нейрохируг-дәрігерлер дабыл қақты.

Қазақстанда омыртқа ауруларымен дәрігерге қаралатын жастар көбейіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұндай мәліметті Ұлттық нейрохирургия орталығының аз инвазивті нейрохирургия бөлімін басқаратын нейрохирург Виктор Алейников айтты.

Дәрігердің сөзінше, науқастардың көбі омыртқааралық диск жарығына байланысты көмекке жүгінеді. Оның айтуынша, соңғы жылдары мұндай диагнозбен келетін адамдардың жасы айтарлықтай жасарып кеткен.

Қазір бізге көбіне диск жарығы бар науқастар келеді. Бұрын мұндай дерттер, әсіресе омыртқа өзегінің тарылуы немесе диск жарығы секілді мәселелер жас ұлғайған кезде пайда болатын. Қазір жастар арасында да мұндай жағдай жиілеп кетті, – деді Виктор Алейников Астанада өтіп жатқан Kazakh Spine Days 2026 халықаралық конференциясының кулуарында берген сұхбатында.

Маман мұны қазіргі өмір салтымен байланыстырады.

Бүгінде адамдардың омыртқасына түсетін салмақ көбейген. Көпшілік аз қозғалады, күні бойы отырып жұмыс істейді. Қимылдың аз болуы омыртқаға артық күш түсіреді. Соның салдарынан диск жарығына шалдыққандар саны артып отыр, – деді нейрохирург.

Айта кетейік, осы күндері Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында Kazakh Spine Days 2026 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр.

Жиынға Қазақстан мен шетелден келген жетекші нейрохирургтер, омыртқа хирургиясының мамандары, зерттеушілер және жас дәрігерлер қатысып, омыртқа ауруларын емдеудің қазіргі тәсілдерін талқылауда.