Қазақстанда жастар мен әйелдерге арналған жаңа бағдарлама іске қосылды
Бүгіннен бастап Қазақстанда AqylTech және IT Aiel онлайн-білім беру бағдарламаларына тіркеу басталады.
4 наурыздан бастап Қазақстанда AqylTech және IT Aiel онлайн-білім беру бағдарламаларына тіркеу басталады. Бұл бастамалар жастар мен әйелдерді қаржылық сауаттылыққа, жасанды интеллект негізіндегі жаңа мамандықтарға, киберқауіпсіздікке және цифрлық экономикада технологияларды практикалық қолдануға үйретуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жобалар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Астана Хаб» автономды кластерлік қорының, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының және басқа да серіктестердің қолдауымен жүзеге асырылады.
IT-Aiel: әйелдердің цифрлық мүмкіндігін кеңейтетін жоба
«IT-Aiel» жобасы алғаш рет 2023 жылы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен іске қосылған.
Бағдарлама жұмыссыз әйелдер мен декреттегі аналардың цифрлық құзыреттерін арттыруға бағытталған.
Үш жыл ішінде жоба аясында 21 мыңнан астам әйел оқудан өтті. Нәтижесінде 1535 қатысушы жаңа цифрлық мамандықтарды меңгеріп, жұмысқа орналасу немесе кәсіби қызметін жаңадан бастау мүмкіндігіне ие болды.Бағдарлама әсіресе декреттегі аналарға, көпбалалы аналарға және зейнет жасына жақындаған әйелдерге арналған. Жобаның басты мақсаты – әйелдердің экономикалық дербестігін арттыру, цифрлық сауаттылықты дамыту, IT саласында мансап құруға мүмкіндік беру және жеке кәсіп бастауға жағдай жасау, - деді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның «Technowomen» ҮЕҰ Басқарма төрайымы Азиза Шужеева.
AqylTech: жастарға арналған жаңа білім алаңы
AqylTech бағдарламасы Қазақстанның 17 өңіріндегі ауыл жастарын, моноқалалар тұрғындарын, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы жастарды қамтуға бағытталған.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қарыз жүктемесін азайту, цифрлық құзыреттерін дамыту және жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы табыс табу дағдыларын қалыптастыру. Статистикаға сүйенсек, жастардың шамамен 40%-ы жеке қаржысын басқаруда қиындықтарға тап болады. Сонымен қатар 20%-дан астамының мерзімі өткен қарызы бар. Ал халықтың шамамен 40%-ы цифрлық технологияларды қолдануда қиындық көреді, - деді Мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.
Кибералаяқтық мәселесі де өзекті. Сарапшылардың мәліметінше, мұндай жағдайларда жәбірленушілердің 60%-ы ақшасынан немесе жеке деректерінен айырылып қалады. Осыған байланысты AqylTech және IT Aiel бағдарламалары цифрлық қауіпсіздік пен қаржылық тұрақтылықты арттыруды негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырады.
2026 жылы AqylTech және IT-Aiel бағдарламалары жаңартылып, қатысушыларға заманауи білім беру курстары ұсынылады. Олардың қатарында:
- автоматтандыру ассистенті;
- жасанды интеллект негізіндегі бейне жасаушы және бейнемонтажер;
- AI видеопродакшен;
- ЖИ бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілеуші;
- промпт-инженер;
- Vibe coding;
- цифрлық платформалар арқылы қосымша жасау.
Бағдарлама аясында қатысушылар қаржылық жоспарлау, қарыздарды басқару, табысты есепке алу және арттыруға арналған ЖИ құралдарын пайдалану, киберқауіпсіздік және фишингтен қорғану сияқты бағыттарды да меңгереді.
Қатысушылар қандай мүмкіндік алады?
Бағдарламаларды аяқтағаннан кейін қатысушылар бірнеше жаңа мүмкіндіктерге ие болады.
Атап айтқанда, олар:
- қаржылық тұрақтылығын арттырып, қарыз жүктемесін азайта алады;
- e-commerce, цифрлық сервистер және IT саласында жұмыс таба алады;
- ЖИ құралдарын пайдаланып фриланс қызметін бастай алады;
- шағын онлайн-бизнес аша алады;
- чат-боттар, бейнеконтент және цифрлық өнімдер жасай алады;
- өзін және отбасын кибералаяқтықтан қорғауды үйренеді.
Сонымен қатар бағдарлама аясында «Өз баспанаңа қалай қаражат жинауға болады», «Апталық қаржылық трекер жасау», «Қаржылық жастық қалыптастыру» және «Бизнес қаржылық моделі деген не?» тақырыптарында онлайн және офлайн воркшоптар өткізіледі.