Бүгiн 2026, 11:36 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жарық сөнбесін десеңіз: Энергожүйеде "ақылды диспетчер" іске қосылды

ЖИ енгізу энергия жүйесін тиімді басқарып, шығындарды азайтады.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында энергетика саласына жасанды интеллект енгізіліп жатқанын мәлімдеп, оның экономикалық тиімділігі мен шығындарды азайтуға ықпалын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Министр бірыңғай энергетикалық жүйені басқаруда жасанды интеллект қолданылып жатқанына тоқталды.

Жүйе диспетчерлік бақылау жүргізуге, деректерді нақты уақыт режимінде талдауға және диспетчерлердің жедел шешім қабылдауына көмектесуге арналған. Жасанды интеллект моделі жүктемені болжайды, ықтимал бұзушылықтарды анықтайды және энергожүйедегі оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Пилоттық енгізу KEGOC базасында жүзеге асырылып жатыр. Жоба – қазақстандық әзірлеме және байқау жеңімпазы. Күтілетін нәтиже – апаттарға әрекет ету уақытын 30%-ға дейін қысқарту. Алдын ала есеп бойынша экономикалық тиімділік жылына 200 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін, – деді ведомство басшысы.

Айтуынша, жасанды интеллект жаңартылатын энергия көздері нысандарының генерациясын болжауда да қолданылады.

Жүйе ауа райы деректерін, бұрынғы өндіріс көлемін және нысандардың қазіргі жұмыс жағдайын ескере отырып, электр энергиясын бір тәулік бұрын болжайды. Бұл жоспарлау дәлдігін арттырып, жоспарланған көлемнен ауытқуларды алдын ала көруге және энергожүйені тиімді теңгеруге мүмкіндік береді. Пилоттық енгізу KEGOC пен “Самұрық-Энерго” нысандарында жүргізілуде. Өнімді жаңартылатын энергия көздерінің барлық генерация нысандарына кеңейту мүмкіндігі бар. Күтілетін нәтиже – нақты өндіріс көлемінің жоспардан ауытқуын 25%-ға дейін азайту және жоспарлау дәл еместігіне байланысты шығындарды қысқарту есебінен жылына 1,2 млрд теңгеге дейін экономикалық тиімділікке қол жеткізу, – деді Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар министр жылу желілерінің жағдайын диагностикалауда жасанды интеллект қолданылып жатқанын алға тартты.

Бұл – акустикалық резонанс әдісі арқылы құбырдың ішін тексеретін роботтандырылған диагностикалық кешен. Жасанды интеллект моделі алынған деректерді талдап, жылумен жабдықтау нысандарының техникалық жағдайын бағалайды, ақауларды анықтайды және апат қаупін болжайды. Пилоттық жоба Шымкент қаласындағы "Қуатжылуорталық-3" нысанында жүзеге асырылды. Қазір жоба ауқымын кеңейту кезеңінде. Өнімнің экспорттық әлеуеті бар, оны Өзбекстан нарығына шығару бағытында жұмыс жүріп жатыр. Шымкенттегі пилот нәтижесінде жөндеу шығындары 75%-ға дейін қысқарып, жылына 887 млн теңгеге дейін экономикалық тиімділікке қол жеткізілді, – деді министр.