«Ауыл» партиясы агрохакатон өткізді: Қазақстанда ЖИ бар үздік жобалар анықталды
Астанада «Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» республикалық агрохакатоны өтті. Қатысушылар агротехнологиялар, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы жобаларын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараны «Ауыл» партиясы мен Acapedia компаниясы ұйымдастырды. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтті.
«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Ғалымжан Құсманғали мұндай жобалар жастарды саланы дамытуға тартуға ықпал ететінін атап өтті.
Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды саяси реформалар, сондай-ақ 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы, ең алдымен, жастарға бағытталған және олардың мүддесі үшін жүзеге асырылуда. Дәл осы мақсатта агрохакатон өткізілуде. Бұл – агроөнеркәсіптік кешен үшін технологиялық шешімдер ұсынуға дайын бастамашыл жастарды біріктіретін алаң. Біздің міндет – осындай идеялардың іс жүзінде жүзеге асуына жағдай жасау, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, агрохакатон екі кезеңнен тұрды – өңірлік және республикалық. 20 өңірде өткен іріктеу кезеңінде 350-ден астам өтінім беріліп, шамамен 1200 мектеп оқушысы, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Нәтижесінде 70 қатысушыдан құралған 20 команда финалға жолдама алды.
Финалда командалар жасанды интеллект қолданылған жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, Алматы облысынан келген Нұрайым Серікқан GeoFIX – топырақты қалпына келтіру жүйесін ұсынды.
Біздің инновациялық «Топырақты қалпына келтірудің ақылды жүйесі» жобасының өзектілігі қазіргі таңда Қазақстанда топырақ эрозиясы салдарынан ауыл шаруашылығының өнімділігі 10–15%-ға төмендеп отырғанымен байланысты. Осыған орай біз эрозияның алдын алу үшін арнайы биотехнологияларды, атап айтқанда биожелі, датчиктер және жасанды интеллектке негізделген сенсорларды қолдануды ұсынамыз. Соның арқасында қарапайым фермерлер жерді тиімді игеріп, түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіре алады, – деді Нұрайым Серікқан.
Жобаларды таныстыру қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:
- І орын – Жетісу облысының командасы «SweetRainbow» жобасымен;
- ІІ орын – Астана қаласының қатысушылары «SENTRA» жобасымен;
- ІІІ орын – Алматы қаласының өкілі Нарминахон Имангалиева «AuaLine» жобасымен.
«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары алдағы уақытта да жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған осындай бастамалар жалғасатынын атап өтті.