27 Қараша 2026, 13:04 Фото: ©BAQ.KZ/ЖИ

«Қазақстанда жасалған»: Отандық бизнес әлемдік рейтингтерге қалай енеді?

Қазақстандық компаниялар әлемдік алпауыттармен қатар аталатын рейтингтерге жиі ене бастады. Астаналық құрылыс компаниясы әлемдегі ең ірі 250 мердігердің қатарына қосылды. Өскеменде өндірілетін титан Boeing пен Airbus ұшақтарында қолданылады. Ал Алматыда құрылған сервистік компания «бірмүйіз» мәртебесіне жетті. Қазақстанның мысы мен мырышы әлемдік үздік ондыққа кірсе, хром кені өндірісі бойынша еліміз алғашқы үштікке енген.

Бұл компаниялардың барлығы Қазақстан нарығында қалыптасып, дәл осы жерден әлемдік деңгейге көтерілді. BAQ.KZ отандық бизнестің әлемдік көшбасшылармен бәсекелесе алатынын дәлелдейтін осындай табысты оқиғаларға шолу жасады.

Орталық Азиядағы рейтингке енген жалғыз құрылыс компаниясы

Америкалық салалық басылым Engineering News-Record жыл сайын шетелдегі жобалардан түскен табыс көлемі бойынша әлемнің ең ірі 250 мердігер компаниясының рейтингін жасайды. 2026 жылы бұл тізімге алғаш рет қазақстандық BI Group компаниясы еніп, 224-орынға жайғасты. Орталық Азия елдерінің ішінде рейтингке енген басқа компания жоқ.

Рейтингтегі өзге қатысушылар да – халықаралық деңгейде танылған ірі компаниялар. Тізімге 31 елдің мердігерлері енген. Олардың арасында Қытай компаниялары басым – 75 компания. Түркиядан 48, АҚШ-тан 41 компания бар. Алғашқы орындарды испаниялық ACS Group және германиялық Hochtief, сондай-ақ франциялық VINCI мен Bouygues компаниялары иеленген.

Рейтингке енген 250 компанияның бір жылдағы жалпы табысы 9,7 пайызға өсіп, 550,6 миллиард долларға жеткен.

Сол басылымның құрылыс компанияларын ел ішіндегі және шетелдегі жобалары бойынша бағалайтын жалпы рейтингінде қазақстандық холдинг 131-орында тұр. Компанияның мәліметінше, бір жыл бұрын ол 163-орында болған.

Холдинг 2020 жылдан бері Өзбекстан, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері және АҚШ нарықтарында жобаларын жүзеге асырып келеді. Дегенмен негізгі нарығы бұрынғысынша Қазақстан болып отыр.

«Қазақстан біздің негізгі нарығымыз әрі басты басымдығымыз болды және солай болып қала береді. Мұнда 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеу барысында біз шетелде еліміздің құрылыс саласын сенімді таныстыруға мүмкіндік беретін тәжірибе мен кәсіби құзырет жинақтадық», – деді холдингтің атқарушы директоры Ернар Жанәділ.

Әлемдік авиацияға қажетті титан

Өскемен титан-магний комбинаты шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар, әлемдегі ең ірі тігінен интеграцияланған титан өндірушілердің қатарына кіреді. Кәсіпорында 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мұнда титан қорытпасының 14 түрі шығарылады. Өнімнің барлығы экспортқа жіберіледі. Негізгі сатып алушылар қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Оңтүстік Корея және Үндістан бар.

Комбинаттың мәліметінше, кәсіпорын әлемдік титан нарығының 11 пайызына, ал аэроғарыш саласына арналған титан нарығының 18 пайызына ие. Маусым айында Үкімет Қазақстанда өндірілетін титанның әлемдік аэроғарыш саласындағы үлесін шамамен 20 пайыз деп бағалаған. Комбинат Boeing, Airbus, Safran және Rolls-Royce сияқты әлемдегі жетекші өндірушілердің мақұлданған жеткізушісі саналады.

Қазақстанның әлемдік нарықтағы орнын АҚШ статистикасы да растайды. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда шамамен 16 мың тонна титан губкасы өндірілген. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Қытай, Жапония және Ресейден кейін әлемде төртінші орынға шықты. Баяндамада Қазақстандағы титан өндірісінің жылдық қуаты 26 мың тонна деп бағаланған.

Қазақстандық титан АҚШ нарығына да қажет. 2024 жылдан бері Америкада титан губкасы өндірілмейді. Юта штатындағы соңғы зауыт жабылғаннан кейін ел бұл өнімге деген қажеттілігін толығымен импорт есебінен өтеп отыр.

АҚШ ведомствосының бағалауынша, 2025 жылы елге шамамен 44 мың тонна титан губкасы импортталған. Бұл 2023 жылғы рекордтық көрсеткіштен де жоғары. Қаңтардан шілдеге дейінгі аралықта жеткізілімнің 13 пайызы Қазақстанға тиесілі болды. Дәл осындай үлесті Сауд Арабиясы қамтамасыз еткен. Ал импорттың 73 пайызы Жапониядан келген.

Баяндамада АҚШ-та қолданылатын титанның басым бөлігі аэроғарыш саласына бағытталатыны атап өтілген.

Мыс: KAZ Minerals пен «Қазақмыс» Қазақстанды әлемдік үздік ондыққа шығарды

Қазақстанның әлемдік үздік ондыққа енуіне мүмкіндік берген мыстың негізгі бөлігін екі компания өндіреді. 2025 жылы KAZ Minerals 370 мың тонна мыс шығарған. Абай облысындағы компанияның Ақтоғай кенішінде бір жыл ішінде рекордтық 62 миллион тонна кен өңделді.

«Қазақмыстың» мәліметінше, компаниялар тобы концентраттағы мыс өндірісі бойынша әлемде 20-орында, ал қара және катодты мыс өндіру бойынша 12-орында тұр.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 710 мың тонна мыс өндірілген. Осы көрсеткіш бойынша еліміз Индонезиямен бірге әлемде тоғызыншы орынға тұрақтады.

Қазақстаннан озып тұрған елдер қатарында Чили, Конго, Перу, Қытай, Ресей, АҚШ, Замбия және Аустралия бар.

Мырыш: Қазақстан әлемдік үздік ондықтағы тағы бір орнын бекітті

KAZ Minerals компаниясы 2025 жылы концентраттағы мырыш өндірісін 26 пайызға арттырып, 54 мың тоннаға жеткізді.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 360 мың тонна мырыш өндірілген. Осы көрсеткіш бойынша еліміз әлемде тоғызыншы орынға жайғасып, Ресей мен Швецияның ортасынан орын алды.

Хром: «Қазхром» Қазақстанды әлемдік рейтингте үшінші орынға шығарды

Қазақстандағы хром кенінің басым бөлігін ERG тобына кіретін «Қазхром» компаниясы өндіреді. Компанияның мәліметінше, 2024 жылы кәсіпорын 6 миллион тоннадан астам кен өндірген. Ал АҚШ Геологиялық қызметінің бағалауынша, сол жылы Қазақстан бойынша жалпы көрсеткіш 6,1 миллион тонна болған.

Кәсіпорынның негізгі өндірістік алаңы – Хромтау қаласындағы Донской тау-кен байыту комбинаты. Ол хром кенін өндіретін әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Мұнда 8 мыңнан астам адам еңбек етеді.

2024 жылы комбинатта жылына 7,5 миллион тонна кен өндіруге қауқарлы «Болашақ» шахтасы ашылды. Ондағы жұмыстар 1 200 метрге дейінгі тереңдікте жүргізіледі.

АҚШ Геологиялық қызметінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 7 миллион тонна хром кені өндірілген. Осы көрсеткіш бойынша еліміз Оңтүстік Африка Республикасы мен Түркиядан кейін әлемде үшінші орынға тұрақтады. Ал хром қоры бойынша Қазақстан тек ОАР-дан кейінгі орында тұр.

Қазақстандық феррохром америкалық металлургия кәсіпорындарына да қажет. 2021–2024 жылдары Қазақстан АҚШ-қа жеткізілген феррохром импортының 24 пайызын қамтамасыз етті. Бұл көрсеткіш бойынша елімізден тек Оңтүстік Африка Республикасы алда.

2025 жылғы шілдеде «Қазхром» компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауыты әлемдік рекорд орнатты. №43 пеште бір цикл ішінде көміртегі жоғары феррохромның 177 тоннасы өндірілді. Әдетте мұндай пештен бір циклде 50–60 тонна өнім алынады. Рекорд World Book of Records халықаралық рекордтар кітабына тіркелді.

Болат: Qarmet Қазақстанды Швеция мен Аргентинадан оздырды

Қазақстандағы болат өндірісінің басым бөлігі Теміртаудағы Qarmet комбинатына тиесілі. Кәсіпорын 2025 жылы шамамен 3,8 миллион тонна болат өндірген.

Дүниежүзілік болат қауымдастығының мәліметінше, Қазақстан бойынша жалпы болат қорыту көлемі 4,3 миллион тоннаға жеткен. Осы көрсеткішпен еліміз әлемдік рейтингте 32-орынға жайғасқан. Қазақстаннан кейінгі орындарда Аргентина мен Швеция тұр. Бұл елдердің әрқайсысы 4 миллион тоннадан болат өндірген.

2026 жылғы 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауға жұмыс сапары барысында Qarmet комбинатының конвертер цехына барып, металлургтермен кездесті. Президентке шойынды болатқа айналдыратын екі конвертердің жаңғыртылғаны көрсетілді.

Екібастұз көмірі: Қазақстан әлемдік үздік ондықта

Италиялық Eni энергетикалық компаниясының World Energy Review 2026 шолуына сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі көмір өндіруші елдер арасында тоғызыншы орынға жайғасқан. Сонымен қатар еліміз алғашқы ондықтағы мемлекеттердің ішінде өндіріс көлемінің ең жоғары өсімін көрсеткен.

2025 жылы Қазақстанда көмір өндіру көлемі 6,7 пайызға артып, 106 миллион тоннаға жетті. Ал осы кезеңде әлем бойынша көмір өндірісі керісінше аздап төмендеген.

Еліміздің негізгі көмір өндіру орталығы – Екібастұз қаласының маңында орналасқан «Богатырь» көмір кеніші. Қазақстандағы көмір өндірісінің шамамен 40 пайызы осы кәсіпорынның үлесіне тиесілі.

1985 жылы мұнда 56,8 миллион тонна көмір өндіріліп, карьер әлемдегі ең ірі көмір өндіретін ашық кен орны ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Global Energy Monitor мәліметінше, қазіргі уақытта «Богатырь» кенішінің жылдық өндірістік қуаты 40 миллион тоннаны құрайды. Ал көмір қоры 1,2 миллиард тоннаға бағаланып отыр.

Әлемдегі үздік 300 банктің қатарында

Financial Times медиатобына кіретін британдық The Banker журналы 1970 жылдан бері әлемдегі ең ірі 1000 банктің рейтингін жасап келеді. Бұл тізімдегі негізгі көрсеткіш – бірінші деңгейдегі капитал. Яғни бұл – банк дағдарыс кезінде өз міндеттемелері бойынша жауап бере алатын меншікті қаражаты. 2026 жылы журнал сарапшылары 106 елдегі 2 мыңға жуық банктің есептілігін зерттеген. Ал рейтингке ену үшін қажетті ең төменгі капитал мөлшері 676 миллион долларға дейін өскен.

Halyk Bank рейтингте 271-орынға көтеріліп, әлемдегі үздік 300 банктің қатарына енген Қазақстандағы жалғыз банк атанды. Оның бірінші деңгейдегі капиталы 6,8 миллиард долларға жетіп, бір жылда 19 пайыздан астам өскен. Алдыңғы жылы банк рейтингте 291-орында болған.

Halyk Bank мәліметінше, биыл әлемдегі ең ірі 1000 банктің тізіміне Қазақстанның алты банкі енген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір банкке көп.

Рейтингтің алғашқы орындарында негізінен Азия банктері орналасқан. Алғашқы төрт орынды Қытайдың ICBC, China Construction Bank, Agricultural Bank of China және Bank of China банктері иеленген. Ал америкалық JP Morgan Chase бесінші орынға тұрақтаған.

Алматыда командасы бар «единорог» компания

Жасанды интеллект арқылы видео жасауға мүмкіндік беретін Higgsfield сервисі әлемдегі генеративті жасанды интеллект саласындағы ең көп қаралатын 50 веб-сервистің қатарына кірді.

Бұл – Andreessen Horowitz (a16z) венчурлық қоры жариялайтын Top 100 Gen AI Consumer Apps рейтингінің алтыншы шығарылымындағы нәтижелердің бірі. Қор бұл тізімді 2023 жылғы қыркүйектен бері жасап келеді. Онда сервистер ай сайынғы бірегей пайдаланушылардың саны бойынша сараланады. Higgsfield-пен қатар рейтингте ChatGPT, Gemini, Claude, Canva және Midjourney платформалары да бар.

2026 жылғы қаңтарда стартаптың нарықтық бағасы 1,3 миллиард долларға жетіп, компания «единорог» мәртебесін иеленді. Бұл атау нарықтық құны 1 миллиард доллардан асатын жекеменшік компанияларға беріледі.

Компанияның бас кеңсесі Сан-Францискода орналасқан. Ал инженерлік және өндірістік командалары Алматыда жұмыс істейді.

2026 жылғы қыркүйекте сервистің жылдық есеппен есептелген табысы 1 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткішке компания 2025 жылғы наурызда өнімін іске қосқаннан кейін шамамен 18 ай ішінде қол жеткізген.

Әлемдегі үздік 300 банктің қатарында

Financial Times медиатобына кіретін британдық The Banker журналы 1970 жылдан бері әлемдегі ең ірі 1000 банктің рейтингін жасап келеді. Бұл тізімдегі негізгі көрсеткіш – бірінші деңгейдегі капитал. Яғни бұл – банк дағдарыс кезінде өз міндеттемелері бойынша жауап бере алатын меншікті қаражаты. 2026 жылы журнал сарапшылары 106 елдегі 2 мыңға жуық банктің есептілігін зерттеген. Ал рейтингке ену үшін қажетті ең төменгі капитал мөлшері 676 миллион долларға дейін өскен.

Halyk Bank рейтингте 271-орынға көтеріліп, әлемдегі үздік 300 банктің қатарына енген Қазақстандағы жалғыз банк атанды. Оның бірінші деңгейдегі капиталы 6,8 миллиард долларға жетіп, бір жылда 19 пайыздан астам өскен. Алдыңғы жылы банк рейтингте 291-орында болған.

Halyk Bank мәліметінше, биыл әлемдегі ең ірі 1000 банктің тізіміне Қазақстанның алты банкі енген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір банкке көп.

Рейтингтің алғашқы орындарында негізінен Азия банктері орналасқан. Алғашқы төрт орынды Қытайдың ICBC, China Construction Bank, Agricultural Bank of China және Bank of China банктері иеленген. Ал америкалық JP Morgan Chase бесінші орынға тұрақтаған.

Алматыда командасы бар «бірмүйіз» компания

Жасанды интеллект арқылы видео жасауға мүмкіндік беретін Higgsfield сервисі әлемдегі генеративті жасанды интеллект саласындағы ең көп қаралатын 50 веб-сервистің қатарына кірді.

Бұл – Andreessen Horowitz (a16z) венчурлық қоры жариялайтын Top 100 Gen AI Consumer Apps рейтингінің алтыншы шығарылымындағы нәтижелердің бірі. Қор бұл тізімді 2023 жылғы қыркүйектен бері жасап келеді. Онда сервистер ай сайынғы бірегей пайдаланушылардың саны бойынша сараланады. Higgsfield-пен қатар рейтингте ChatGPT, Gemini, Claude, Canva және Midjourney платформалары да бар.

2026 жылғы қаңтарда стартаптың нарықтық бағасы 1,3 миллиард долларға жетіп, компания «единорог» мәртебесін иеленді. Бұл атау нарықтық құны 1 миллиард доллардан асатын жекеменшік компанияларға беріледі.

Компанияның бас кеңсесі Сан-Францискода орналасқан. Ал инженерлік және өндірістік командалары Алматыда жұмыс істейді.

2026 жылғы қыркүйекте сервистің жылдық есеппен есептелген табысы 1 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткішке компания 2025 жылғы наурызда өнімін іске қосқаннан кейін шамамен 18 ай ішінде қол жеткізген.

Өңірдегі үздік әуе компаниясы

Skytrax рейтингі авиация саласындағы «Оскар» сыйлығымен теңестіріледі. Ол жолаушылар арасында жүргізілген сауалнама негізінде жасалады. 2026 жылғы сауалнама 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың тамызына дейін жалғасқан. Оған 100-ден астам елдің жолаушылары қатысып, 300-ден астам әуе компаниясының қызметін бағалаған.

2026 жылғы World's Top 100 Airlines әлемдік рейтингіне Қазақстанның бірден екі әуе компаниясы енді. Air Astana 35-орынды иеленіп, былтырғы көрсеткішін бір сатыға жақсартты. Бұл – Орталық Азия мен ТМД елдерінің әуе тасымалдаушылары арасындағы ең жоғары нәтиже. Ал FlyArystan лоукостері бір жыл ішінде 87-орыннан 79-орынға көтерілді.

Air Astana 15-рет Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік әуе компаниясы деп танылды. Ал FlyArystan төртінші жыл қатарынан өңірдің үздік бюджеттік әуе тасымалдаушысы атанып отыр.

Әлем күткен ойын Алматыда әзірленді

Қазақстандық бизнес шығармашылық индустрияда да көзге түсіп жүр. Astana Hub технопаркінің қатысушысы саналатын алматылық Cyber Temple студиясы DarkSwitch ойынын шығарды. Бұл – қараңғы фэнтези әлеміндегі қала құрылысына арналған стратегиялық ойын. Онда ойыншылар алып ағаштардың айналасына қала тұрғызады.

Ойын ресми түрде жарыққа шықпай тұрып-ақ өз жанрындағы аптаның ең көп күтілген жобаларының үздік бестігіне, ал әлемдегі ең көп күтілген қала құрылысы ойындарының арасында сегізінші орынға енген. 230 мыңнан астам пайдаланушы ойынды күту тізіміне қосқан.

Ойынның музыкасын әйгілі Silent Hill сериясының саундтректерін жазған жапониялық композитор Акира Ямаока әзірледі. Жобамен 50-ден астам маманнан құралған халықаралық команда жұмыс істеген. Олардың жартысынан астамы – қазақстандықтар.

«Біз DarkSwitch ойынына жанымызды, уақытымыз бен күшімізді салдық. Оны төрт жылдан астам уақыт әзірледік. Қазірдің өзінде ойыншылардың пікірін көріп отырмыз. Ресми шығуына бірнеше күн қалғанда SteamDB платформасындағы Upcoming Releases бөлімінде бесінші орынға көтерілу – біз үшін үлкен нәтиже», – деді студияның негізін қалаушы әрі бас директоры Алексей Назаров.

Ойын әлемдік нарыққа бағытталған және қазірдің өзінде алты тілге аударылған. Олардың қатарында ағылшын, француз, неміс және қытай тілдері бар. Студия қазақша нұсқасын да әзірлеп жатыр. Команда үшін ойынның әр жүктелімі кезінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі геймерлер Қазақстанның туын көргені маңызды.

Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді?

Құрылыс, металлургия, көмір өндіру, банк саласы, авиация, жасанды интеллект және бейнеойын индустриясы. Бұл салалардың бағыттары әртүрлі болғанымен, компаниялардың даму жолы ұқсас. Олардың барлығы Қазақстанда қалыптасып, осы жерде тәжірибе жинақтаған. Кейін сол тәжірибесін әлемдік нарыққа алып шығып, Қытай, АҚШ, Еуропа және Жапония компанияларымен бәсекеге түсті.

Қазақстанды әлем ұзақ уақыт бойы ең алдымен мұнай мен уран өндіретін ел ретінде таныды. Алайда бұл мысалдар еліміздің мүмкіндігі әлдеқайда кең екенін көрсетеді. Бүгінде әлемдік рейтингтерге шикізатпен ғана емес, білімімен, қызметімен және технологиясымен танылған компаниялар да еніп жатыр. Құрылыс компаниялары шетелге шикізат емес, ірі құрылыс жобаларын басқару тәжірибесін экспорттайды. Металлургтер кенді емес, дайын құймалар мен қорытпаларды сыртқы нарыққа шығарады. Алматылық әзірлеушілердің өнімдерін әлемнің түкпір-түкпіріндегі пайдаланушылар қолданады.

Мұндай рейтингтерді сатып алу немесе қолдан жасау оңай емес. The Banker банктердің аудиттен өткен қаржылық есептілігін негізге алады. Engineering News-Record мердігерлерді нақты түсім көлемі бойынша саралайды. Skytrax рейтингі жолаушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сүйенеді, оған қатысу немесе тіркелу үшін әуе компаниялары ақы төлемейді. Ал металл өндіру бойынша елдердің орнын АҚШ Геологиялық қызметі, болат қорыту көлемін Дүниежүзілік болат қауымдастығы жариялайды. Осындай тізімдерге ену – әлемдік көшбасшылармен бірдей талаптар бойынша тәуелсіз бағалаудан өту деген сөз.

Сатып алушылардың сенімі де осындай талаптар арқылы қалыптасады. Boeing пен Airbus компанияларына титан жеткізу үшін комбинат осы ұшақ өндірушілерінің өзінен сертификат алуы керек. Мұндай рұқсатқа әлемдегі санаулы елдердің ғана кәсіпорындары ие. Солардың қатарында Қазақстан да бар.

Шетелдегі табыс ел ішіне де пайда әкеледі. Титан-магний комбинатында 2 мыңнан астам адам, Донской тау-кен байыту комбинатында 8 мыңнан астам, KAZ Minerals компаниясында 14 мыңнан астам, ал «Қазақмыс» тобында 34 мың адам жұмыс істейді. DarkSwitch ойынын әзірлеген команданың жартысынан астамы – қазақстандықтар. Ал әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан жасанды интеллект сервистерінің бірінің инженерлері Алматыда еңбек етеді. Компаниялардың халықаралық нарықта жинақтаған тәжірибесі білікті мамандарымен бірге ел ішінде қалады.

Мұның ел имиджіне де әсері бар. Инвестор қазақстандық компанияларды Қытай, АҚШ және Еуропаның ірі алпауыттарымен бір рейтингтен көргенде, бұл Қазақстанның әлеуетін көрсететін маңызды дәлелге айналады. Бизнестің осындай жетістіктері елдегі іскерлік ахуалды түрлі таныстырылымнан әлдеқайда нанымды сипаттайды.

Компаниялардың өсуіне мемлекет қалыптастыратын жағдай да ықпал етеді. Мәселен, Cyber Temple сияқты IT-компаниялар мен студияларға арнайы салық режимі бар Astana Hub технопаркі қолдау көрсетеді. Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді әлемдік өндіріс жүйесіне кіріктіру мақсатын қойған болатын.

«Түпкі мақсат – Қазақстанды жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялау. Еліміздің экспорттық саясаты да осы мақсатқа жетуге бағытталуы керек», – деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы бизнестің дамуына қажетті негізгі шартты да қысқаша тұжырымдады.

«Сонымен қатар іскерлік белсенділікке жүргізілген талдау бизнеске кедергі жасамау жеткілікті екенін көрсетіп отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рейтингтердегі орын жыл сайын өзгеріп отырады. Ал оған енуден гөрі қол жеткізген нәтижені сақтап қалу әлдеқайда қиын. Компаниялар мұны жақсы түсінеді және өндірісті дамытуға инвестиция салып жатыр. Мысалы, Өскемен титан-магний комбинатының 2033 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламасы бар. Оның аясында жалпы құны 255,5 миллиард теңге болатын 25 жобаны жүзеге асыру көзделген. Соның бірі – титан губкасын өндіретін жаңа цех салу. Бұл жоба кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 10 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Әлемдік рейтингтерге енетін қазақстандық компаниялардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Ендігі мәселе – Қазақстан бизнесінің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенінде емес, келесі жылы жаһандық тізімдерде қанша жаңа отандық компанияның есімі аталатынында болып отыр.