Қазақстанда жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы іске қосылды

Елімізде жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы іске қосылды. «Отбасы банк» пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім аясында, 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап ғалымдардан заем алу туралы өтініштер қабылдайды. BAQ.KZ бұл туралы «Отбасы банктің» баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес хабарлайды.

Бағдарлама ғылыми ұйымдар мен жоғары және ЖОО кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарына 5 жыл бойы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алу мүмкіндігін береді.

Ғылыми жаңалықтар мен жаңа технологиялар – еліміздің экономикалық өрлеуінің маңызды факторы. Жаңа технологияларды жасап, онымен жұмыс істей алатын кадрларды дайындаудың да маңызы зор. Бұл рөл ғалымдарымызға жүктелген. Аталмыш кәсіптің беделін көтеріп, қолдау көрсетуіміз керек. Ғалымдарымыз күнделікті мәселелерді ойламай, ғылымға ден қоюы үшін біз өз тарапымыздан оларға баспана мәселесін шешуге көмектесуге дайынбыз. Біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Отбасы банкінен жылдық мөлшерлемесі 5%, ең төменгі 10%-дық алғашқы жарнамен несие алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны іске қосып жатырмыз, – деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Министрлiк қызметкерлерi жеңiлдетілген шарттармен заем ала алатын ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру ұйымдарының тiзімін қалыптастырып, банкке ұсынады. Ал қатысушылар пулын жұмыс беруші белгілейді.

Ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары қол қойған жолдаманы алған бағдарламаға қатысушылары төлем қабілеттілігін бағалату үшін банкке жолдама алады.

Баспананы алғашқы немесе екінші нарықтан сатып алуға болады. Заемның жылдық мөлшерлемесі 5% (ЖТСМ 5,2% бастап) беріледі. Алғашқы жарна 10%-дан 50%-ға дейін болады. Бағдарламаға қатысушысына берілетін ең жоғары заем сомасы 20 млн теңгеге дейін, – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ «Жасыл ипотека» бағдарламасы аясында да заем алу мүмкіндігі бар. Оның ең жоғарғы сомасы – 35 млн теңгеге дейін. Несие бойынша мөлшерлеме жылдық 8% (ЖТСМ 8,2%-дан бастап). Алғашқы жарна – 20%-дан 50%-ға дейін.

Ғалымдарды несиелендіру бағдарламасына қатысушысы 40 жастан аспауы тиіс. Оның және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда баспанасы болмауы керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы