Бүгiн 2026, 11:41 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда жақында халықтың табысын арттыратын бағдарлама таныстырылады

Жұманғариннің сөзінше, халықтың табысын арттырудың басты жолы – тұрақты жұмыс орындарын құру.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халық табысын арттыру бағдарламасы туралы айтып, экономиканы дамытудағы негізгі бағыттарға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп бітуге жақын.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша жұмысты іс жүзінде аяқтадық. Жақын уақытта оны таныстырамыз деп ойлаймын. Бағдарламада халықтың қалай жақсы өмір сүріп, табысын қалай арттыра алатыны көрсетіледі, – деді Жұманғарин.

Оның сөзінше, халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі әрі ең тиімді жолы – тұрақты және жақсы жалақы төленетін жұмыс орындарын ашу.

Мұндағы ең үлкен мәселе де, негізгі жол да – тұрақты, сенімді жұмыс орындарын құру. Басқа жол жоқ. Әлеуметтік төлемдер, зейнетақы немесе мемлекеттік төлемдер бәрібір мемлекеттің қазіргі жағдайына байланысты болады. Экономикаға сыртқы да, ішкі де көптеген фактор әсер етеді. Сондықтан ең маңыздысы – жақсы жалақысы бар тұрақты жұмыс, – деді вице-премьер.

Серік Жұманғарин жаңа жұмыс орындарын ашу үшін нақты секторды дамыту қажет екенін айтты.

Оның мәліметінше, салық реформасынан түсетін 2 трлн теңгенің жартысы өндіріс орындарын ашуға бағытталады.

Салық реформасынан түсетін 2 триллион теңгенің 1 триллионын “Бәйтерек” қорына бердік. Оның мақсаты – ірі және орта кәсіпорындар ашу. Яғни, тұрақты жұмыс орындарын құру, – деді министр.

Ал қалған қаражат ауылдық жерлердегі жұмыспен қамтуды арттыруға жұмсалады.

Қалған қаражатты ауылға бағыттаймыз. Ауылда да тұрақты жұмыс орындары болуы керек, – деді ол.

Министр ауылдағы жалақы деңгейіне де тоқталды. Оның айтуынша, биыл нақты жалақы өсімі байқалған сирек бағыттардың бірі – ауылдық сектор.

Биыл ауылдағы нақты жалақы өскен санаулы салалардың бірі болды. Кейбір бағыттарда, мысалы қаржы секторында және құрылыста жалақы төмендеді. Ал ауылда, керісінше, жалақы көтерілді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, – деді Серік Жұманғарин.