3 Тамыз 2026, 08:50 Фото: BAQ.KZ архиві

Елімізде жаңартылатын энергия өндірісі 1,7 есеге өсті

Энергетика министрлігінің мәліметінше, көрсеткіштің өсуіне жаңартылатын энергия жобалары бойынша аукциондар өткізу, инвестиция тарту және жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу ықпал етті.

Мемлекет басшысының жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) өндірілетін электр энергиясының көлемін 1,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын әрі жоспардан жоғары деңгейде орындалды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі ЖЭК нысандары 8,6 млрд кВт·сағат электр энергиясын өндірді. Бұл Қазақстандағы жалпы электр энергиясы өндірісінің 7%-ын құрады.

Салыстыру үшін, 2022 жылы жаңартылатын энергия көздерінде 5,11 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндіріліп, оның үлесі 4,5% болған еді. Осылайша, үш жыл ішінде ЖЭК өндірісі 1,7 еседен астам артты.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, көрсеткіштің өсуіне жаңартылатын энергия жобалары бойынша аукциондар өткізу, инвестиция тарту және жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу ықпал етті.

2025 жылы жалпы қуаты 503,5 МВт болатын 9 жаңартылатын энергия нысаны пайдалануға берілді. Ал 2026 жылы жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 жаңа жоба іске асырылады. Оның ішінде 4 жел электр станциясы, 5 күн электр станциясы және 1 су электр станциясын пайдалануға беру жоспарланған.