Қазақстанда жаңа ЖЭО-ларды Ресей емес, сингапурлық консорциум салады
Қазақстанда үш жаңа ЖЭО жобасын ресейлік компаниялар салады деп жоспарланған еді.
Үкіметтегі брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Семей және Өскемен қалаларында салынатын жаңа жылу электр орталықтарын (ЖЭО) қазақстандық-сингапурлық консорциум жүзеге асыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске салайық, Қазақстанда үш жаңа ЖЭО жобасын ресейлік компаниялар салады деп жоспарланған еді. Алайда Энергетика министрлігінің мәліметінше, енді бұл жобаларға сингапурлық компания қатысады.
Бұл – қазақстандық, шартты түрде сингапурлық компаниялардың консорциумы болады. Компания тіркелген, барлық технологиялар заманауи болады, негізінен қытайлық технологиялар қолданылады. Экологиялық талаптардың барлығына сәйкес келеді, – деп түсіндірді Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
Бүгін Үкімет отырысында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Семей және Өскемен қалаларындағы екі ЖЭО құрылысына арналған келісімшарттар биыл 30 қаңтарда жасалғанын хабарлаған болатын. Жоспар бойынша станциялар 2029 жылдың соңында пайдалануға беріледі.
Брифинг барысында вице-министрден компаниялардың шын мәнінде сингапурлық екендігі тексерілген-тексерілмегені де сұралды.
Менің ойымша, «Самұрық-Энерго» әріптестері көшеден кез келген компанияны ала алмайды. Бұл – тәжірибесі бар, қажетті технологияларға қол жеткізе алатын компания. Себебі мұндай жобалар үшін әріптестеріміздің жеке жауапкершілігі бар, – деп түйіндеді вице-министр.