Қазақстанда жаңа пандемия қаупі бар ма?
Қазақстанда эпидемиялық маусым басталғалы 632 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді.
Қазақстанда ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қазіргі таңда елде бұрыннан белгілі маусымдық респираторлық вирустар айналымда, ал жаңа пандемиялық вирустың пайда болғаны туралы дерек тіркелген жоқ. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің сауалына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап елде эпидемиялық маусым басталғалы бері 632 916 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Сонымен қатар тұмаудың зертханалық расталған бес жағдайы анықталған.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында маусымдық респираторлық вирустардың айналымы жалғасып жатыр. Мамандар бұрын белгісіз болған жаңа вирустың пайда болғанын көрсететін деректер тіркемеген.
COVID-19 бойынша жағдай қандай?
Жасұлан Алпысбаевтың айтуынша, COVID-19 да басқа респираторлық вирустармен қатар айналымда. Дегенмен коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Қазіргі таңда COVID-19 таралу сипаты бойынша респираторлық вирустардың жалпы айналымы аясында қарастырылады. Эпидемиологиялық және зертханалық жағдай тұрақты мониторингте, – деді ведомство өкілі.
Мамандар инфекциялардың таралу динамикасын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Зертханалық мониторинг арқылы айналымдағы вирустардың түрлері мен эпидемиологиялық ахуал бағаланады.
Жаңа пандемия басталуы мүмкін бе?
Комитет өкілінің мәліметінше, қазіргі жағдай жаңа пандемияның басталғанын көрсетпейді.
Бүгінгі күні жаңа пандемияның басталуы немесе жаңа пандемиялық вирустың пайда болуы туралы айтуға негіз жоқ, – деді Жасұлан Алпысбаев.
Осылайша, Қазақстанда ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуал мамандардың бақылауында. Қазіргі таңда елде жаңа, бұрын белгісіз респираторлық вирустың таралуына қатысты дерек жоқ.