Бүгiн 2026, 10:10 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Елімізде жаңа орган құрылмақ: Қазақстан Халық кеңесі немен айналысады?

Парламентте жаңа консультативтік институт туралы конституциялық заң жобасы таныстырылды.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияны іске асыру мақсатында әзірленген.

Сәрсембаев жаңа Конституцияда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі ретінде бекітілгенін атап өтті.

Жаңартылған конституциялық модельдің өзегінде – адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары тұр. Адамға бағдарланған тәсіл негізінде қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының сапалы жаңа үлгісі қалыптастырылып жатыр, – деді министр.

Оның сөзінше, Қазақстан Халық кеңесінің құрылуы – жаңа Конституцияның халықтық сипатының нақты көрінісі.

Қазақстан Халық кеңесі қандай орган болады?

Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Халық кеңесі жоғары конституциялық консультативтік орган мәртебесіне ие болады.

Министрдің айтуынша, бұл институт мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамайды және олардың орнына келмейді. Кеңестің басты міндеті – қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты жалпыұлттық диалог алаңын қалыптастыру.

Қазақстан Халық кеңесі “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатын іске асырудың негізгі құралдарының бірі болады, – деді Сәрсембаев.

Оның айтуынша, кеңес ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеп, қоғамдық пікірді мемлекеттік шешімдерге жеткізетін алаң ретінде жұмыс істейді.

Кеңестің құрылымы қандай болады?

Заң жобасында Қазақстан Халық кеңесінің нақты ұйымдастырушылық құрылымы көрсетілген.

Негізгі шешім қабылдайтын жоғары орган – сессия болады. Оның құзыретіне заң жобаларын енгізу және референдум өткізу туралы бастама көтеру де кіреді.

Ал сессиялар арасындағы жұмысты төралқа жүргізеді. Сонымен қатар нақты бағыттар бойынша тұрақты және уақытша комитеттер, комиссиялар мен жұмыс топтары құрылады.

Кеңестің ұйымдастырушылық және сараптамалық жұмысын Хатшылық қамтамасыз етеді. Ол мемлекеттік орган ретінде жұмыс істейді.

Кеңес құрамына кімдер кіреді?

Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Халық кеңесі 42 мүшеден тұрады.

Құрамға:

  • этномәдени бірлестіктер;
  • қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес ұйымдар;
  • мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер өкілдері тең негізде енгізіледі.

Министрдің айтуынша, бұл тәсіл қоғамдағы түрлі топтардың мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кеңес мүшелеріне қоғамдық қызмет тәжірибесіне, адалдыққа және мүдделер қақтығысының болмауына қатысты талаптар қойылады.

Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жыл болады.

Кеңес төрағасы қалай сайланады?

Заң жобасында кеңес төрағасын сессия төрт жыл мерзімге сайлайтыны көрсетілген.

Төраға кандидатурасын Президент ұсына алады немесе кеңес мүшелерінің кемінде үштен бірі бастама көтере алады.

Бір адамның екі реттен артық төраға болып сайлануына тыйым салынады.

Қазақстан Халық кеңесі немен айналысады?

Министрдің айтуынша, кеңестің негізгі өкілеттіктері мыналар болады:

  • ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  • заңнамалық бастама жасау;
  • референдум өткізу туралы бастама көтеру;
  • қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру;
  • қоғамдық бақылауға қатысу.

Алайда бұл өкілеттіктердің барлығы консультативтік және бастамашылық сипатта болады.

Бұл институт мемлекеттік билік жүйесіндегі тепе-теңдікті сақтай отырып жұмыс істейді, – деді Сәрсембаев.

Әлемдік діндер лидерлерінің съезін енді осы кеңес ұйымдастырады

Заң жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – Қазақстан Халық кеңесіне әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастыру функциясын беру.

Министрдің сөзінше, Астанада тұрақты өтетін бұл съезд конфессияаралық келісімді нығайтатын маңызды халықаралық диалог алаңы саналады.

Мемлекеттік органдар кеңес ұсыныстарын қарауға міндетті болады

Заң жобасында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың Қазақстан Халық кеңесі әзірлеген ұсыныстарды міндетті түрде қарауы туралы норма енгізілген.

Министрдің айтуынша, бұл кеңестің тиімді әрі үйлесімді жұмыс істеуіне кепіл болады.

Сонымен қатар заң жобасы өңірлік деңгейде қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимыл тетіктерін де қарастырады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылады

Заң жобасы қабылданса, қазіргі «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның күші жойылады.

Яғни, Қазақстан қоғамдық-мемлекеттік өзара іс-қимылдың жаңа моделіне көшеді.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы – қоғамдағы диалогты нығайтуға және Қазақстан халқының бірлігін бекемдеуге бағытталған маңызды қадам болады, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Министр депутаттарды заң жобасын бірінші оқылымда қолдауға шақырды.