Қазақстанда жаңа министрлік құрылатын болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында елімізде жаңа министрлік құрылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертіп жатыр. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек, - деді Тоқаев.

Президент артта қалып кетсек, оның салдары ауыр болатынын атап өтті.

Мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Қазіргі құзырлы министрлік негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек, - деп айтты Президент.

Сөзінше, Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғыртуы үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізуі қажет. 

Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек, - деп тапсырды ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы