Бүгiн 2026, 10:43 Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстанда жаңа кәсіптер атласы толық әзірленді

Жоба аясында 27 сала қамтылып, 1750-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістегі Үкімет сағатында Жаңа кәсіптер атласына қатысты жүргізілген жұмыстардың қорытындысын баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, атласты әзірлеу институционалдық шешімдер қабылданғанға дейін басталып, бүгінде елдің барлық өңірінде толық аяқталған.

Өңірлік атластар экономиканың 27 саласын қамтиды. Олар жаңа кәсіптердің жасанды интеллект, цифрландыру, орнықты даму және автоматтандыру бағыттарында қалыптасып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, бірсарынды еңбектің рөлі төмендеп келе жатқаны анықталған, - деді министр.

Барлық атлас Enbek.kz сайтында ашық қолжетімді. Қажет болған жағдайда оларды қолдану бойынша арнайы дашбордтар да ұсынылады.

Министрдің мәліметінше, өңірлік және салалық атластар бүгінде нақты жұмыс істейтін құралға айналған. Атап айтқанда, олардың негізінде туризм, құрылыс, тау-кен металлургия кешені, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы сияқты басым бес сала бойынша 20 кәсіптік стандарт әзірленген. Сондай-ақ 100-ден астам кәсіп жаңа кәсіптер жіктеуішіне енгізілді.

Бұдан бөлек, 234 мың оқушыға кәсіби диагностика жүргізіліп, жоғары оқу орындары базасында 19 құзыреттілік орталығы құрылған. Жалпы алғанда, атластар негізінде 1750-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілген.

Министрдің сөзінше, бұл бастама білім беру жүйесі мен еңбек нарығын өзара байланыстыратын бірыңғай болжамдық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда 4 млн адамның жұмысы өзгереді. Мәжілісте жоғары білім жүйесін жаңғырту мен жаңа мамандықтарға сұраныс мәселесі көтерілді.