Қазақстанда жаңа банк: ADCB жобасы туралы не белгілі, не белгісіз?
ADCB исламдық «терезесі» бар екінші банк құруда, бірақ нақты мерзімдер көрсетілмеген.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Abu Dhabi Commercial Bank-тің Қазақстандағы қатысу құрылымын алғаш рет ашып көрсетті. Жаңа әмбебап банк исламдық өнімдерді «исламдық терезе» механизмі арқылы ұсынады, алайда бөлек шариғаттық құрылым құрылмайды. Бұл туралы BAQ.KZ редакциясының ресми сұрауына агенттік жауап берді.
Бұл – Қазақстан нарығы үшін прецедент. Сонымен қатар редакцияның көптеген нақты сұрақтарына реттеуші бірде-бір сандық дерек келтірмеген.
Реттеуші жаңа банкті құруға ADCB-ге рұқсат биыл 20 наурызда берілгенін растады. Сондай-ақ неге бұрынғы исламдық банк (бұрынғы Al Hilal) негізінде әмбебап банкке конвертация жасалмағаны түсіндірілді.
Агенттік ADCB-ге Қазақстанда жаңа банк құруға рұқсат берді. Банк исламдық қаржыландыруды “исламдық терезе” механизмі арқылы дамытуды жоспарлап отыр, - деп хабарлады агенттік.
Бұл жауап топтың екі бөлек банкті сақтап қалу стратегиясын таңдағанын көрсетеді. Яғни, екінші банктегі шариғатқа сәйкес өнімдер жеке заңды тұлға ретінде емес, әмбебап лицензия аясында енгізіледі.
Сонымен қатар банк толыққанды жұмысын бірден бастамайды. Агенттіктің мәліметінше, «әмбебап банктік лицензияны алу ішкі инфрақұрылым құрылғаннан және барлық дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін күтіледі». Нақты мерзімдер аталмаған.
Редакция нарыққа кіру кедергілері туралы да сұраған, атап айтқанда: жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшері, пруденциялық талаптар, кадрларды жергіліктендіру және ШОБ-ты несиелеу шарттары. Алайда бұл сұрақтардың ешқайсысына нақты жауап берілмеген. Реттеуші тек 2024 жылғы либерализацияға қатысты жалпы ақпаратпен шектелген.
Нарыққа шығу үшін активтердің ең төменгі шегі 20 млрд АҚШ долларынан 10 млрд долларға дейін төмендетілді. Ал жоғары рейтингке ие банктер үшін реттеушілік талаптар көлемі екі еседен астам қысқартылды, - деп мәлімдеді агенттік.
Жаңа ойыншылардың географиясы да назар аудартады. Редакция Корея, БАӘ және Катар банктері кіріп жатқанын атап өтіп, ЕО, Қытай немесе Түркия банктерінің неге келмей жатқанын сұраған.
Басқа шетелдік банктердің қатысуына қатысты түпкілікті шешімдер жоқ, Агенттікке тиісті ресми өтініштер түскен жоқ,- деп қысқа жауап берді реттеуші.
Яғни, өтінімдердің өзі жоқ.
Қазіргі таңда реттеушінің дерегінше, Қазақстанның банк секторында 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Оның ішінде 15-і шетелдік капиталдың қатысуымен, ал 10-ы – еншілес банктер.
Либерализацияның сандық KPI көрсеткіштері мен пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуіне қатысты модельдік есептер туралы сұрақтар жауапсыз қалған. Реттеуші тек болашақтағы кеңею коммерциялық мүдделерге және Қазақстандағы жаңартылған реттеушілік ортада жұмыс істеуге дайындыққа байланысты болатынын атап өтті.