13 Қараша 2026, 15:05 Фото: instagram.com/yerghan_yegemberdiyev

Қазақстанда жаңа Азаматтық кодекс әзірленеді: Азаматтар мен кәсіпкерлер үшін не жаңарады?

Қазақстанда жаңа Азаматтық кодекс әзірлеу жоспарланып отыр. Жаңа құжат азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау тетіктерін түсінікті әрі тиімді етуге тиіс. Сарапшылар әсіресе келтірілген залалды өтеу, меншік құқығын қорғау және шарттық міндеттемелерді орындау мәселелеріне назар аудару қажет деп санайды. Құқық саласының мамандары қандай өзгерістер керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Азаматтық кодекс әзірлеуді тапсырған болатын.

Қолданыстағы құжатқа бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Алайда мамандардың пікірінше, енді жекелеген нормаларды қайта қараумен шектелмей, заңнаманы тұтастай жаңарту қажет.

Азаматтардың құқықтары қалай қорғалады?

Заң ғылымдарының докторы, «Әділет» жоғары құқық мектебінің академиялық профессоры Саида Әкімбекова жаңа кодекстегі маңызды бағыттардың бірі азаматтық-құқықтық жауапкершілік тетіктерін жетілдіру болуы керек деп есептейді.

Бұл – қазақстандықтар күнделікті өмірде кездесетін шарт талаптарының бұзылуы, міндеттемелердің орындалмауы, мүліктік залал келтіру және өтемақыға қатысты даулар сияқты мәселелер.

Азаматтық-құқықтық жауапкершілік тек өтемақы төлеу қызметін ғана емес, алдын алу қызметін де атқарады. Оның мақсаты – бұзылған мүліктік мүдделерді қалпына келтіру, міндеттемелердің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету және азаматтық айналымға қатысушылардың жосықсыз әрекеттеріне жол бермеу, – деді Саида Әкімбекова.

Сонымен қатар тәжірибеде кінәлі тарапты анықтау, келтірілген залалды белгілеу және өтемақы мөлшерін есептеу кезінде қиындықтар жиі туындайды.

Мысалы, шарт тараптарының бірі өз міндеттемесін орындамаған жағдайда, тек құқық бұзушылық фактісін ғана емес, оның салдарын және жауапкершіліктен босатуға негіз болатын мән-жайларды да ескеру маңызды.

Сондықтан сарапшы залалды өтеу, зиянның орнын толтыру және тұрақсыздық айыбын қолдану тетіктерін қайта қарауды ұсынады. Бұл ретте тиісті құқықтық нормалар бір-біріне қайшы келмеуі керек.

Неліктен негізгі қағидаттарды қайта қарау қажет?

ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының халықаралық құқық және салыстырмалы құқықтану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының магистрі Әсемай Көптілеуованың пікірінше, кодексті жаңарту оның негізгі қағидаттарын қайта қараудан басталуы керек.

Олардың қатарында азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңдігі, меншік құқығын қорғау, шарт жасасу еркіндігі және жеке істерге негізсіз араласуға жол бермеу бар.

Сарапшы адалдық, парасаттылық және әділдік қағидаттарына да ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

Дәл осы қағидаттар шарттық міндеттемелерді орындау және мүліктік дауларды шешу кезінде тараптардың әрекеттерін бағалауға көмектеседі.

Маманның айтуынша, жекелеген нормаларды қазіргі жағдайға сәйкестендіру жеткіліксіз. Жаңа кодекстің барлық ережесі өзара үйлесімді болып, бірізді қолданылуы маңызды.

Ескірген нормаларға не болады?

Экономика және әлеуметтік сала салаларының заңнамасы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Әсел Рамазан қолданыстағы Азаматтық кодекске ұзақ жылдар бойы көптеген өзгеріс енгізілгеніне назар аударды.

Оның айтуынша, мұндай түзетулер экономиканың дамуы мен жаңа мүліктік қатынастардың пайда болуын ескеруге мүмкіндік берген. Алайда уақыт өте келе заңнамадағы барлық ереженің өзара қаншалықты үйлесімді жұмыс істейтінін тексеру қажеттілігі туындаған.

Кодификация дегеніміз – қолданыстағы нормаларды механикалық түрде біріктіру емес. Ол нормалардың мазмұнын қайта қарауды, қайталанатын ережелерді, ішкі қайшылықтар мен құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюды көздейді, – деп атап өтті Әсел Рамазан.

Сарапшы бір норманың өзгеруі онымен байланысты бірнеше ережеге әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді. Мысалы, міндеттемелерді орындау тәртібін қайта қарау шарт жасасу тәртібіне және оны бұзғаны үшін жауапкершілікке ықпал етуі мүмкін.

Сондықтан жаңа кодексті әзірлемес бұрын қолданыстағы нормаларды талдап, олардың қайсысын сақтау, қайсысын өзгерту немесе алып тастау қажеттігін анықтау керек.

Мамандардың пікірінше, жаңа Азаматтық кодекс азаматтар мен кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі болжамды ережелерді қамтамасыз етіп, меншік құқығын қорғаудың тиімді тетіктерін сақтауға тиіс.

Айта кетейік, Қазақстанның жаңа Азаматтық кодексін әзірлеу және қабылдау жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.