23 Қазан 2026, 13:08 Фото: Ақорда

Қазақстанда жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі. Жиында Президент Қазақстанда жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асқанын айтты.

«Ел Конституциясы түбегейлі өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашты. Соның нәтижесінде мемлекеттік билік жүйесі толығымен жаңғырды. Бір палаталы Құрылтай пайда болды. Осылайша, біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент, яғни Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын нақты іске асырдық. Вице-Президент институты құрылды. Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымына қажетті өзгерістер енгізілді. Еліміздің жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады. Еліміз дүние жүзінде еріктілер, яғни волонтерлер қозғалысына конституциялық мәртебе берген санаулы мемлекеттің бірі атанды. Баршаңызға белгілі, қазіргі дүние жүзінде, осындай күрделі, тұрақсыз, болжамсыз, бұлыңғыр заманда билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс мүлде жоқ. Бұл – мемлекетіміз үшін алға қарай үлкен саяси қадам», - деді Президент. 

Мемлекет басшысы қоғамның барлық саласын қамтыған реформалар еліміздің дамуына тың серпін бергеніне тоқталды. 

2019 жылдан бері экономикамыз 30 пайызға жуық өсті. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асты. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар қаржы аударылды. Былтыр 20 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша біздің аймақта көш бастап тұр. Біз ұлттық экономиканың әлеуетін күшейтуге басымдық беріп, баса назар аударып отырмыз. Әлемдегі ең ықпалды елдердің қатарына қосылып, 34-орында тұрмыз. Еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 350 миллиард долларға жетіп келе жатыр. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі екінші орын деген сөз. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі айтарлықтай артты, яғни 40 пайызға жетті. Кәсіпкерлеріміз отандық тауар өндірісін ұлғайтып, жаңа іскерлік мәдениеті қалыптасуда. Бүгінде осы салада еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы жұмыс істеп жүр», - деді Мемлекет басшысы. 

Айта кетейік, бұған дейін Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады. 

Сондай-ақ, болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлт екенімізге тоқталды.