Қазақстанда жабайы құстарды құтқаруға арналған орталық ашылды
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Жазира Әділбектің мәліметінше, 2026 жылы жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 12 миллион теңге бөлінген. Алдағы бірнеше жылда орталықтың жұмысы мемлекеттік грант аясында кезең-кезеңімен жалғасады.
Ақтау қаласының маңында жыртқыш және Қызыл кітапқа енген құстарды уақытша оңалту орталығы ашылды. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.
Жаңа орталықта жарақат алған құстар емделіп, толық қалпына келгеннен кейін табиғи мекеніне қайта жіберіледі. Қазіргі уақытта мамандар алты құстың өмірі үшін күресіп жатыр. Олардың қатарында Қызыл кітапқа енген дала қыраны, қарақұс, жас күйкентай және сирек кездесетін қарабай бар.
Ветеринар дәрігер Алина Шарипованың айтуынша, жаз мезгілінде орталыққа көбіне сусызданып, әлсіреген немесе түрлі жарақат алған құстар жеткізіледі.
Қазіргі аптап ыстыққа байланысты құстардың сусызданып, әлсіреп қалу жағдайлары жиілеп кетті. Сондай-ақ олардың терезеге соғылуы, жыртқыш аңдардың шабуылынан жарақат алуы сияқты оқиғалар да кездеседі, – дейді маман.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Жазира Әділбектің мәліметінше, 2026 жылы жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 12 миллион теңге бөлінген. Алдағы бірнеше жылда орталықтың жұмысы мемлекеттік грант аясында кезең-кезеңімен жалғасады.
Қазіргі таңда орталық пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр және қараша айының соңына дейін қызмет көрсетеді. Мамандар Маңғыстау облысының тұрғындарын жарақат алған жабайы құстарды өз бетінше емдеуге тырыспай, бірден орталыққа жеткізуге шақырды.
Айта кетейік, Ақшұқыр ауылындағы оңалту пунктіне алғашқы ауыр науқастардың бірі – Қызыл кітапқа енген қарақұс жеткізілген. Ол Жетібай кен орнынан табылған. Құстың қанаты сынып, денесін мұнай өнімдері түгелге жуық ластаған. Мамандар қазір оны емдеп, табиғатқа қайта бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.