Бүгiн 2026, 13:00
Фото: ©BAQ.KZ коллажы
Қазақстанда зейнетақы жинағын алу шегі тағы көтерілуі мүмкін
Министрлік зейнетақы жинағына қатысты жаңа есептеулер жүргізіп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Сенатта өткен брифингте зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға қойылатын жеткіліктілік шегін көтеру жоспарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол шектердің міндетті түрде көтерілетінін растады.
Қазір біз тиісті есептеулер жүргізіп жатырмыз. Ұлттық банкпен және мемлекеттік органдармен консультациялар өтіп жатыр. Қандай деңгейге көтерілетінін қазір нақты айта алмаймын. Шешім қабылданған кезде бұл туралы міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлаймыз. Мұның не үшін жасалып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Біздің міндет – азаматтарды қартайғанда лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Логикасы қарапайым, – деді Тұяқбаев.
Вице-министр нақты қанша пайызға өсетінін және қашан өзгеретіні туралы айта алмады. Алайда оның сөзінше, шектер 2026 жылдың өзінде көтерілуі мүмкін.
Қанша пайызға өсетінін қазір айта алмаймын. Бірақ адам қартайғанда жеткілікті әрі қолжетімді зейнетақы алатындай етуіміз керек. Мамыр айының соңына қарай белгілі бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Биыл көтерілуі мүмкін, – деді ол.