Бүгiн 2026, 16:55 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда зейнетақы өсе ме: Еңбек министрлігі жауап берді

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта зейнетақыны қосымша индекстеу мәселесі қаралып жатқан жоқ.

Қазақстанда зейнетақы төлемдерін қосымша индекстеу мәселесі қазіргі таңда күн тәртібіне шығарылмағаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Сенаттың кулуарында берген сұхбатында мәлімдеді.

Вице-министрдің сөзінше, зейнетақы төлемдерінің мөлшері жыл сайын белгіленген тәртіппен қайта қаралады. Бұл ретте индекстеу әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көрсетілген инфляция деңгейіне сәйкес жүргізіледі.

Барлық зейнетақы төлемдері жыл сайын әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес индекстеледі. Бұл құжатта инфляция өсімінің орташа болжамды деңгейі айқындалады. Ал қосымша индекстеу жекелеген кезеңдерде және тек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады, – деді Виктория Шегай.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қосымша индекстеу мәселесін қарастыру жоспарда жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін сотталған аналар мен әкелерге жеңілдік берілетіні айтылды.

Сондай-ақ, әскерилердің зейнетақы алу шарттары өзгергені хабарланды