Қазақстанда зейнет жасы көтерілуі мүмкін бе?
Қазір жұмыс тобы зейнетақы реформасының 3 нұсқасын қарап жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жүйесін реформалаудың қандай нұсқалары қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр Қазақстанда зейнетке шығу жасы қайта қаралмайды деп отыр.
Зейнетақы реформасының өзі қайта қарала ма? Иә, қайта қаралады. Тиісті тапсырмалар бар. Қазір жұмыс тобы аясында 3 жобаны қарап жатырмыз. Екі қордың ұсынысы бар. БЖЗҚ “4 плюс 1” жобасын ұсынып отыр. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры сақтандыру зейнетақысын ұсынып жатыр, - деп түсіндірді ведомство басшысы Үкіметте өткен баспасөз брифингінде.
Сонымен қатар министр сенатордың ұсынысына да тоқталып өтті.
Сенат депутаты Нұғмановтың 40 жыл еңбек өтілі болса, азаматты зейнетке шығару туралы ұсынысы бар. Осы үш жоба жұмыс тобының отырысында қаралып жатыр. Ай соңына дейін зейнетақы реформасының қалай өзгеретіні анықталып, жарияланады, – деді Асқарбек Ертаев.
Бұған дейін зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектері 10 күн ішінде жарияланатыны жайлы жазған едік.