Қазақстанда заңсыз жасалған алкогольді сатушыларға қарсы жаңа шаралар ұсынылды
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Ішкі істер министрлігі мен Премьер-министрдің орынбасарына депутаттық сауал жолдады. Ол елдегі қолдан жасалған алкоголь өнімдерінің таралуы және оның азаматтар үшін тудыратын қауіптері мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сәрсенғалиевтің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда заңсыз алкоголь сатушылар көбейіп, оның салдарынан мыңдаған адам улануда. Оның ішінде Шымкенттегі ерлі-зайыптылардың 3 жыл бойы халықты улап келгендігін атап өтуге болады. Олар заңсыз алкогольден 309 миллион теңге табыс тапқан. Сонымен қатар, заңсыз алкогольден улану оқиғалары жиілеуде, ал 2021 жылы Шымкентте 240 адам қолдан жасалған алкогольден көз жұмған.
Сәрсенғалиев депутаттық сауалда заңсыз алкоголь сатумен айналысатын дүкендерге қатысты әрекеттерді күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, "Дала қырандары" жастар ұйымының жариялаған бейнемазмұны бойынша Астанадағы 200 дүкен бір жыл ішінде заңсыз алкоголь сатумен айналысқан. Осы дүкендерден сатылатын алкогольден жыл сайын 2,6 млрд теңге пайда түсуде. Депутаттың ұсынысы бойынша, қолдан жасалған алкоголь сатушыларды әкімшілік кодекстің 283-бабы бойынша кәсіпкер ретінде жауапқа тартып, оларды 600 мың теңге айыппұлға тарту керек.
Одан бөлек, депутат заңсыз алкогольді сатушыларға қарсы рейдтерді көбейтіп, Денсаулық сақтау министрлігінен уланғандарды емдеудің тиімді жолдарын қарастыруды сұрады. Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдан жасалған алкогольдің зияны мен салдары туралы ақпаратты БАҚ пен интернетте кеңінен таратуы тиіс, - деді Нартай Аралбайұлы.
Еске сала кетейік, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Мәжіліс кулуарында құтқарушылардың жалақысы 10%-ға өсетіні туралы айтты.