Қазақстанда заңсыз еңбек еткен 3,8 мыңнан астам шетелдік анықталды
Қазақстанда көші-қон заңнамасын бұзудың 13 мыңнан астам дерегі анықталды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы көші-қон заңнамасын бұзудың жолын кесу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болу қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында ұйымдастырылған.
Рейд барысында полиция қызметкерлері жеке және заңды тұлғаларға шетел азаматтарының ел аумағында болу тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғын үй бергені немесе тиісті рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін көзделген жауапкершілік туралы ескертті.
Сондай-ақ шетел азаматтары тұратын мекенжайлар, құрылыс нысандары, базарлар, түрлі ұйымдар және шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын жұмыс берушілер тексерілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын бұзуға байланысты 13 035 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде:
- 9 359 шетел азаматы Қазақстанда болу қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
- 3 828 шетел азаматы еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылды;
- 882 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды;
- 2 794 жеке және заңды тұлға өздерінде тұрып жатқан шетелдіктер туралы полицияға уақытылы хабарламағаны үшін жауапқа тартылды.
Сот шешімімен көші-қон заңнамасын бұзған 1 559 адам елден шығарылды. Сонымен қатар 1 836 шетел азаматының Қазақстанда болу мерзімі қысқартылды. Ал 122 азамат мәжбүрлі түрде елден шығарылып, олардың барлығына Қазақстанға бес жыл бойы кіруге тыйым салынды.
ІІМ мәліметінше, елге заңсыз кірген 14 шетел азаматы анықталған. Қазір бұл фактілер бойынша Шекара қызметімен бірлескен тергеу жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ халықаралық іздеуде жүрген және өз елдерінің құқық қорғау органдарынан жасырынған 21 шетел азаматы ұсталды.
Министрліктің хабарлауынша, заң бұзушылықтардың басым бөлігіне Қазақстан азаматтарының өздері де себеп болып отыр. Олар заңсыз пайда табу мақсатында шетел азаматтарын елге заңсыз кіргізуге немесе жұмысқа орналастыруға көмектескен.
Мәселен, Атырау облысында шетел азаматтарын Қазақстан арқылы көрші мемлекетке заңсыз өткізуді ұйымдастырған Қазақстан азаматы ұсталды. Осындай фактілер Жамбыл және Павлодар облыстарында да тіркелген.
Ал Ақтөбе облысында құрылыс нысандарының бірінде еңбек қызметін заңсыз атқарған 60-қа жуық шетел азаматы анықталды. Астанада жұмыс берушінің Африка мемлекеттерінен келген алты азаматты заңсыз жұмысқа тартқаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы құрылыс нысандарында шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тарту деректері анықталған.
ІІМ мәліметінше, барлық құқық бұзушылар мен олардың жұмыс берушілері заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын екі және одан да көп рет бұзған бес жұмыс берушіге қатысты қылмыстық тергеу басталды. Мұндай фактілер Жамбыл, Қарағанды, Атырау облыстарында және Шымкент қаласында тіркелген.
Министрлік көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу және анықтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.