Қазақстанда вольфрам жобасына 1,1 млрд доллар инвестиция салынады
Жобаға инвестиция кезең-кезеңімен тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Cove Capital компаниясы Қазақстандағы вольфрам жобасын дамытуға 1,1 миллиард долларға дейін инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Пенни Алтхаус мәлімдеді.
Оның айтуынша, компания Қазақстан нарығында 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде рұқсат құжаттарын рәсімдеу және лицензия алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәжірибесін жинақтаған.
Біз Қазақстанда 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Осы кезеңде инвестициялық ортадағы өзгерістерді байқап отырмыз. Президент әкімшілігімен және салалық министрліктермен рұқсаттар мен лицензиялар алу мәселелері бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің бағалауымызша, инвесторлар үшін бірқатар рәсімдер жеңілдей түскен, – деді Пенни Алтхаус Астанада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» форумының кулуарында берген сұхбатында.
Компания басшысының сөзінше, олар «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп жүзеге асырып жатқан вольфрам жобасына қомақты қаржы бағыттауды көздеп отыр.
Біз бұл жобаға 1,1 миллиард долларға дейін инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. Жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар өндірістік нысандарды Қазақстанда орналастырып, өңдеу жұмыстарын да ел ішінде жүргізуді қарастырып отырмыз, – деді компания басшысы.
Пенни Алтхаус бұл қадам өңдеу өнеркәсібін дамытуға және қосымша экономикалық белсенділікті қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.
Оның айтуынша, компания Қазақстанда жұмысын бастағаннан бері бірнеше миллион доллар көлемінде инвестиция салған. Сондай-ақ үкімет алдында вольфрам жобасын дамытуға кемінде 1,1 миллиард доллар бағыттау жөнінде міндеттеме алған.
Компания басшысы компанияның негізгі бағыты тау-кен өндірісі мен табиғи ресурстар саласы екенін айтты. Сонымен қатар ол Қазақстанда ауыл шаруашылығы секторында да инвестициялық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.