Қазақстанда вегетация кезеңінде 701 мың гектар егістік суарылды
Биыл вегетация маусымында елімізде 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін суару үшін жалпы 11 млрд текше метрге жуық су пайдалану жоспарланып отыр.
Қазақстанда вегетация кезеңі басталғалы ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға шамамен 6 млрд текше метр су пайдаланылды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінде өткен аппарат кеңесінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлік мәліметінше, бүгінде республика бойынша егістікті суаруға 5,9 млрд текше метр су алынып, 701 мың гектар егіс алқабы сумен қамтылған.
Биыл вегетация маусымында елімізде 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін суару үшін жалпы 11 млрд текше метрге жуық су пайдалану жоспарланып отыр.
Вегетация кезеңі басталғалы шаруалармен суару суын жеткізу бойынша 35 309 келісімшарт жасалған. Оның 26 585-і Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген биллинг жүйесі арқылы «Қазсушар» РМК-мен электронды форматта рәсімделген.
Ең көп келісімшарт Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында жасалған. Бұл өңірлерде жалпы 829 мың гектар егістікке су беру үшін 33 645 келісімшарт рәсімделсе, оның 77,7 мың гектары күріш алқаптарына тиесілі.
Алдын ала деректерге сәйкес, оңтүстік өңірлерде бүгінге дейін 5,8 млрд текше метр су алынып, 585 мың гектар суармалы жерге су жеткізілген. Министрлік мәліметінше, 77,7 мың гектар күріш алқабы толық көлемде сумен қамтамасыз етілген.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов былтыр оңтүстік облыстарда биылғы вегетация маусымына дайындық аясында көшпелі кеңестер өткенін еске салды.
Оның айтуынша, өңірлерде су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау, суды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемін кезең-кезеңімен қысқарту, егіс құрылымын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Қазіргі ауа райы жағдайында белгіленген барлық су пайдалану лимиттерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету аса маңызды, – деді Нұржан Нұржігітов.