26 Қараша 2026, 12:16 Фото: ©BAQ.KZ/ Аида Батухан

Қазақстанда үй жануарларын тіркеу жеңілдеді: Не өзгерді?

Қазақстандықтарға енді үй жануарларын тіркеу кезінде 1414 нөмірінен SMS-хабарлама күтудің қажеті жоқ. Жануар иесінің деректерін eGov Mobile қосымшасы арқылы QR-кодты сканерлеп растауға болады. Сонымен қатар бұрынғы тіркеу тәсілі де қолжетімді болып қала береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Деректерді растаудың жаңа тәсілі 2026 жылғы 25 қарашада іске қосылды.

eGov Mobile арқылы деректерді қалай растауға болады?

Ол үшін үй жануарының иесі:

  • жануарды тіркеу кезінде eGov Mobile арқылы растау тәсілін таңдауы;
  • смартфонында қосымшаны ашуы;
  • QR-кодты сканерлеуі;
  • дербес деректерге қол жеткізуге келісім беру құжатына қол қоюы қажет.

Осыдан кейін жануар иесінің ЖСН-і мен аты-жөні жүйеде автоматты түрде көрсетіледі. 1414 нөмірінен SMS-хабарлама күтудің қажеті жоқ.

Смартфон болмаса, не істеу керек?

Батырмалы телефон пайдаланатын азаматтар үшін деректерді растаудың бұрынғы тәсілі сақталған.

ЖСН енгізілгеннен кейін жануар иесінің телефон нөміріне 1414 нөмірінен дербес деректерге қол жеткізуге рұқсат беру туралы SMS-хабарлама келеді.

eGov Mobile қосымшасын Google Play және App Store арқылы жүктеуге болады.

Жаңашылдық азаматтарға деректерді растаудың өздеріне ыңғайлы тәсілін таңдау мүмкіндігін сақтай отырып, үй жануарларын тіркеуге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.