Қазақстанда үй алатындарға жеңілдік болуы мүмкін: Үкімет басшысы тапсырма берді
Олжас Бектенов бастапқы жарнаны азайту тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
Қазақстанда тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарна төмендеуі мүмкін. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы бастапқы жарнаны азайту тетіктерін пысықтап, халық үшін тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігін арттыруды тапсырды.
Олжас Бектенов құрылыс саласындағы басты міндеттердің бірі жоспарланған 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз ету екенін айтты.
Сонымен қатар тұрғын үйлер толық пайдалануға дайын болуы, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, абаттандырылуы керек. Өңірлердің әкімдіктері жер учаскелерін алдын ала дайындап, оларға инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарын жеделдетуі қажет. Сондай-ақ тұрғын үйді қаржыландыру тетіктерін жетілдіріп, азаматтар үшін тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, бастапқы жарна мөлшерін төмендету тетіктерін енгізу жөнінде қосымша ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.