Қазақстанда ұсталған ресейлік рэпер Navai-ге қатысты іс тоқтатылды: Полиция тың мәліметті жариялады
Қазақстанда ұсталған ресейлік рэпер Navai-ге қатысты іс тоқтатылды. Полиция департаменті BAQ.KZ-ге берген жауабында маңызды жайтты айтты.
Қазақстанда есірткі контрабандасына қатысы бар деген күдікпен ұсталған ресейлік рэпер Navai-ге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, қылмыстық іс алғаш рет құқық бұзушылық жасағанын және күдіктінің шын жүректен өкінгенін ескере отырып, ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған.
Ресейлік рэп орындаушысына қатысты қылмыстық іс оның алғаш рет құқық бұзушылық жасауына және шын жүректен өкінуіне байланысты қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Қабылданған процестік шешімді қадағалау органы бекітті, – делінген полицияның ресми жауабында.
Сондай-ақ полиция департаменті шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылғанын хабарлады.
Бұған дейін БАҚ-та рэпер Наваи Бакировтың Қазақстан шекарасында есірткі контрабандасына қатысты іс бойынша ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Мәліметтерге сәйкес, оның жанынан марихуана табылған. Кейін музыкант Тараздағы уақытша ұстау изоляторына қамалып, алдағы концерттері тоқтатылғаны хабарланды.
Ресейлік Mash басылымының жазуынша, рэпер кейін тергеу изоляторынан аудандық уақытша ұстау изоляторына ауыстырылып, артынша босатылған. Сондай-ақ оның Ресейге ұшып кеткені туралы ақпарат жарияланды.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің BAQ.KZ редакциясына берген жауабына сәйкес, қылмыстық іс тоқтатылып, шетел азаматы Қазақстаннан шығарылған. Алайда іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылғандықтан, бұл шешім құқық бұзушылықтың болмағанын білдірмейді.