Қазақстанда ұшақ билеттері неге қымбат

Көлік министрлігі әуе компанияларының билеттері не себепті қымбат болатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың сөзіне қарағанда, халықаралық тәжірибеге сәйкес баға белгілеу заңмен реттелмейді. Баға белгілеудің нарықтық тетігі (сұраныс, ұсыныс) қолданылады.

Әуе компаниялар шығыстарының шамамен 80%-ы, дәлірек айтқанда, сатып алу немесе лизинг, қосалқы бөлшектерді сатып алу және т.б. шетел валютасында жүргізілетінін атап өту қажет. Ал әуе компания табысының 80%-ға жуығы теңгемен алынады. Осыған байланысты өз шығындарын жабу үшін әуе компаниялары валюта бағамының қысымына байланысты билеттердің құнын түзетуге мәжбүр. Соңғы 5 жылда валюта бағамы 327 теңге/АҚШ доллардан (2018 жыл) 478 теңгеге/АҚШ долларына дейін өзгерді (2024 жылғы тамыз), - делінген министрдің ресми жауабында.

Осыған қарамастан, қазақстандық әуе компанияларының билеттерінің құны долларлық баламада өзгерген жоқ, сондай-ақ ішкі маршруттар бойынша әуе билеттерінің бағасы қазіргі уақытта 2021 жылғы қараша деңгейінде қалып отыр.

Қарабаевтың айтуынша, әуе билеттерінің бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайды.

Ал егер әуе компаниясы бағаны негізсіз көтерсе, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияға қарсы ден қою шараларын қолданады. Бүгінде жолаушылар ағыны көрсеткішінің артуына байланысты әуе кемелерінің паркін кеңейту және тасымалдау сыйымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың соңына қарай әуе кемелерінің паркі жаңа 19 кемемен ұлғайтылып, 120 бортты құрайды деп күтіліп отыр. Бұл тасымалдау сыйымдылығын 20%-ға арттырады, - деп түсіндірді Көлік министрі.

Бұл шара әуе қатынасын кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар тасымалдау сыйымдылығын арттыруға, осылайша әуе билеттерінің құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар министрлік азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен бірлесіп авиакомпанияларға тексеру жүргізеді, оның қорытындысы бойынша әуе кеңістігін пайдалану саласындағы заңнаманы бұзушылықтар анықталған жағдайда авиакомпаниялардың қызметін тоқтата тұруға дейін ықпал ету шаралары қолданылады.

Ұшақ билеттері бар адамдардан мақсатсыз алымдарды алуға келетін болсақ, «лоу-кост» (төмен бюджетті) моделі бойынша жұмыс істейтін әуе компаниялары бортта кездейсоқ орын бере отырып, ұшақ билеттерін барынша төмен бағамен сатады. Сонымен қатар қосымша қызметтер (оның ішінде борттағы орынды таңдау, 20 кг-ға дейін тіркелетін багаж, күндерді өзгерту) қосымша ақыға ұсынылады. Мұндай тәжірибе бүкіл әлем бойынша төмен бюджеттік авиакомпаниялар үшін кең таралған.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин Көлік министрі Марат Қарабаевқа әуе билеттерінің құнына шағымданып, сауал жолдаған еді

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов архив
Өзгелердің жаңалығы