Қазақстанда үш жаңа автокөлік бренді шығарылады: Өндіріс қашан басталады?
2028 жылға дейін елімізде жаңа автокөлік брендтері мен пилотсыз жүк тартқыштарды шығару жоспарланып, өндірістерге жасанды интеллект технологиялары енгізіледі.
Қазақстанда автокөлік өндірісінің ауқымы кеңейіп, кәсіпорындарда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалану күшейеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес автомобиль жасау кәсіпорындарына заманауи цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде.
Соның бірі – қауіпсіздікті тиімді басқаруға арналған жасанды интеллект негізіндегі ахуалдық орталық. Бұл жүйе бейнебақылау камераларынан, түрлі датчиктерден және ақпараттық платформалардан келіп түсетін мәліметтерді талдап, ықтимал қауіптерді, төтенше жағдайлар мен өндірістегі ауытқуларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде туындаған мәселелерді дер кезінде шешу қамтамасыз етіледі, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда жеңіл автокөліктер, автобустар, жүк және арнайы техникалар шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы жалпы инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттары іске қосылып, саланың өндірістік мүмкіндігі айтарлықтай артқан.
Алдағы кезеңде бұл жұмыстар жалғасады. 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейтуге бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қытайға жасаған сапары барысында автомобиль жасау саласын дамытуға қатысты маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Олар Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдерді, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарын өндіруді, сондай-ақ BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты қуаттау стансаларының желісін дамытуды қамтиды, – деп түйіндеді министр.
Еске салайық, Қазақстанда «Астана» атауымен жаңа автобус бренді шығарылатыны хабарланды.