4 Қараша 2026, 12:54 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда үш жаңа әуежай салуға 226 млрд теңге жұмсалады

Қазақстанның туристік аймақтарында салынып жатқан үш жаңа әуежайдың құрылысына шамамен 226 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазір Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Катонқарағай аудандарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Сондай-ақ Маңғыстау облысындағы Кендірлі ауылында тағы бір әуежайдың құрылысы жүргізілуде.

Бұл әуежайлардың құрылысы 2024 жылы басталды. Зайсандағы әуежайдың құны шамамен 68 млрд теңге, Кендірлідегі әуежайға 69 млрд теңге, ал Катонқарағайдағы әуежайға 89 млрд теңге жұмсалады. Зайсан ауданындағы әуежайдың құрылысын биылғы жылдың соңына дейін толық аяқтаймыз. Катонқарағайдағы әуежай құрылысын 2027 жылдың ақпанында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Кендірлідегі әуежайдың құрылысы да 2026 жылдың соңына дейін аяқталады, – дейді Нұрлыбек Нәлібаев.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары құрылыс аяқталғаннан кейін әуежайларды пайдалануға беру үшін тиісті құжаттарды рәсімдеп, лицензиялар алу қажет екенін айтты. Сондықтан жаңа әуежайлар жолаушылар мен әуе кемелеріне 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында қызмет көрсете бастайды.

Еске салсақ, бұған дейін жыл соңына дейін Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайлары пайдалануға берілетінін хабарлаған болатынбыз. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев айтты.

Тағы оқи отырыңыз: Қарашада Алматыдан Токиоға тікелей әуе рейсі ашылады – Нәлібаев