Қазақстанда үш күнде 2,4 мыңнан астам жасөспірім полицияға жеткізілді
«Түнгі қаладағы балалар» республикалық рейді кезінде мыңдаған құқық бұзушылық анықталды.
Қазақстанда өткен үш күн ішінде 2 400-ден астам жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, көрсеткіш «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тіркелген.
Рейд барысында кәмелетке толмағандарға қатысты және олардың қатысуымен жасалған мыңдаған құқық бұзушылық анықталды. Полицейлер жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру, ойын-сауық орындарында болу және басқа да құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударған.
ІІМ мәліметінше, үш күн ішінде 2,4 мыңнан астам жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізілсе, олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне қатысты да әкімшілік шаралар қабылданған.
Министрлік ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, олардың бос уақытын бақылауға және заң талаптарын сақтауға шақырды.