4 Қараша 2026, 07:30 Фото: istockphoto.com

Қазақстанда ҰБТ форматы өзгереді: Талапкерлерді қандай жаңалық күтіп тұр

Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу емтиханының жаңа форматы әзірленіп жатыр. Ол талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын, жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын және ақпаратты талдау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді. Жаңа жүйені қашан сынақтан өткізеді және мектеп бітірушілер үшін не өзгереді? Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Сөз Ұлттық тестілеу орталығы ETS халықаралық ұйымымен бірлесіп әзірлеп жатқан Admissions Insight Test (AIT) жаңа түсу емтиханы туралы болып отыр. Жоба үш жылға жоспарланған. Оны ұлттық деңгейде енгізу мәселесі 2029 жылдың көктемінде қарастырылмақ.

Бұл ретте өтпелі кезеңде қолданыстағы Бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) форматы сақталады. Жаңа емтиханды енгізу туралы түпкілікті шешім зерттеу жұмыстары мен пилоттық тестілеу нәтижелеріне байланысты қабылданады.

Жаңа ҰБТ-да не өзгереді?

AIT пен қолданыстағы тестілеу форматының басты айырмашылығы – талапкерлердің білімін бағалау тәсілінде. Жаңа емтиханда пәндік дайындықпен қатар, университетте оқу үшін қажетті дағдылар да бағаланады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеуді модульдік жүйе бойынша өткізу жоспарланып отыр. Ол екі негізгі бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімде жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын бағалауға басымдық бере отырып, бейіндік пәндер бойынша тестілер жаңартылады. Екінші бөлім ХХІ ғасыр құзыреттерін тексеруге бағытталады.

Атап айтқанда, мынадай дағдыларды бағалау жоспарланған:

  • сыни ойлау;
  • академиялық жазылым және зерттеу дағдылары;
  • коммуникативтік қабілет;
  • жасанды интеллект саласындағы сауаттылық;
  • сандық және цифрлық сауаттылық;
  • креативті және дизайндық ойлау.

Алайда бұл дағдыларды тексеруге арналған нақты тапсырмалар мен бағалау тәсілдері әзірге бекітілмеген.

Ведомство барлық өзгеріс ғылыми және сараптамалық тексеруден өтуге тиіс екенін атап өтті.

Ұсынылып отырған барлық өзгеріс зерттеу және сараптамалық пысықтау кезеңінен өтеді. Жаңа емтиханның құрылымы мен мазмұнына, оны енгізу тетіктеріне, соның ішінде сыни ойлауды бағалау тәсілдеріне қатысты түпкілікті шешімдер зерттеу және пилоттық сынақ нәтижелерін ескере отырып қабылданады. Жаңа емтихан нәтижелерін жоғары оқу орындарына түсу кезінде пайдалану тәртібі де ғылыми тұрғыдан зерделеніп, отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен жан-жақты талқыланады. Тестілеудің жаңа форматын енгізгенге дейін тиісті ережелер нормативтік-құқықтық актілерде бекітіледі, – деп мәлімдеді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті.

Демек, әзірге сыни ойлау мен басқа да құзыреттерді тексеру үшін қандай тапсырмалар қолданылатыны және AIT нәтижелері университетке түсу кезінде қалай ескерілетіні белгісіз.

Жаңа емтихан қашан енгізіледі?

Жаңа форматқа көшу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылмақ.

  1. 2027 жылдың көктемі – сынақтан өткізу

Жаңа форматтағы алғашқы тестілеу қатысушылардың шағын тобы арасында өткізіледі.

  1. 2028 жылдың көктемі – пилоттық іске қосу

AIT шетелдік университеттердің филиалдарына түсушілер үшін қолданылады.

  1. 2029 жылдың көктемі – енгізу туралы шешім

Жаңа емтиханды ұлттық деңгейде толық көлемде қолдану мүмкіндігі қарастырылады.

Министрлік жоба кестесі 2029 жылы барлық талапкер автоматты түрде AIT тапсыруға көшеді дегенді білдірмейтінін нақтылады. Түпкілікті шешім сынақ нәтижелерін талдағаннан кейін қабылданады.

Оған дейін өтпелі кезеңде қолданыстағы ҰБТ сақталады.

Жаңа жүйенің тиімділігі қалай тексеріледі?

Емтиханды әзірлеу жұмыстарының алдында қолданыстағы тестілеу жүйесіне зерттеу жүргізілген. Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға кешенді техникалық талдау жасап, оны ACT, PISA, TIMSS және Advanced Placement бағдарламалары сияқты халықаралық бағалау құралдарымен салыстырған.

Сонымен қатар мамандар білім беру үдерісіне қатысушылардың болашақ студенттерге қажетті білім мен дағдыларға қатысты пікірін зерттеген.

Зерттеуге төрт мыңнан астам адам қатысқан. Олардың қатарында қабылдау комиссияларының өкілдері, білім беру бағдарламаларының жетекшілері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері, оқушылар мен ата-аналар бар.

Келесі кезеңде тест тапсырмаларының өзі тексеріледі.

Жобаны іске асырудың кейінгі кезеңдерінде әзірленіп жатқан тест тапсырмалары мен бағалау құралдарын сынақтан өткізу көзделген. Бұл жұмыс тестологияда жалпыға бірдей қабылданған әдістер мен рәсімдерді, соның ішінде тапсырмалардың сапасы мен күрделілігін, тест құралдарының сенімділігін және мәлімделген білім мен дағдыларды өлшеу қабілетін анықтауға арналған статистикалық әрі психометриялық талдауды қолдану арқылы жүргізіледі. Осылайша, талапкерлердің тиісті білімі мен дағдыларын бағалау AIT-ті одан әрі зерттеу және сынақтан өткізу аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өңірлер бөлінісінде де жалпыланған статистикалық деректер қалыптастыру мүмкіндігі зерттеудің мақсатына, әдіснамасы мен ауқымына байланысты болады, – деп жазылған ведомство жауабында.

Бұл кезеңде мамандар жаңа тапсырмалардың мәлімделген құзыреттерді қаншалықты сенімді өлшейтінін және оларды ел көлемінде қолдануға болатынын анықтауы керек.

Ал өңірлер бойынша статистика қалыптастыру мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр. Мұндай деректердің болуы алдағы зерттеулердің әдіснамасы мен ауқымына байланысты.

Ауыл мен қала оқушылары емтиханды бірдей жағдайда тапсыра ала ма?

Тағы бір маңызды мәселе – мектеп бітірушілердің үйреншікті пәндік тестілерден бөлек дағдыларды тексеретін емтиханға дайындығы.

Әңгіме цифрлық сауаттылық, сыни ойлау және жасанды интеллектпен жұмыс істеу қабілеті туралы болып отыр. Мұндай форматты енгізу үшін мектеп бағдарламасының оқушыларды жаңа талаптарға қаншалықты дайындайтынын ескеру қажет.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, AIT мазмұнын мектептердің білім беру бағдарламаларымен сәйкестендіру жоспарланған. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізіледі.

Талапкерлерге тең жағдай жасау AIT емтиханының жаңа форматын кезең-кезеңімен енгізу және оның мазмұнын мектептің білім беру бағдарламасымен сәйкестендіру арқылы қамтамасыз етілмек. Осы мақсатта AIT аясында бағаланатын дағдылардың оқу үдерісінде дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен тығыз байланыс орнату жоспарланып отыр. Бұл құзыреттер жаңартылған мектеп бағдарламасына енгізілген. Соның арқасында білім алушылардың бойында оларды жүйелі түрде дамытуға негіз бар, – деп түсіндірді комитет.

Сонымен бірге берілген жауапта қала мен ауыл оқушыларының жаңа форматқа дайындығына қатысты жеке зерттеу нәтижелері келтірілмеген. Сондай-ақ мұғалімдердің тиісті дағдыларды оқыту мен бағалауға дайындығын арттыруға арналған арнайы бағдарламалардың бар-жоғы нақтыланбаған.

Ведомство бағалау жүйесіндегі өзгерістер, жаңа құзыреттердің маңызы мен күтілетін нәтижелер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын хабарлады.

Қазақстан тестілеу жүйесін неге өзгертпек?

Жаңа емтиханды әзірлеу жұмыстары Қазақстанның ETS халықаралық ұйымымен жүргізген келіссөздерінің жалғасы болды.

2025 жылғы 21 қыркүйекте Нью-Йоркте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым басшылығымен кездесті. Тараптар Қазақстанның тестілеу жүйесінде халықаралық тәжірибені пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігіне ETS тәжірибесін ескере отырып, түсу емтихандарын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Осыдан кейін Ұлттық тестілеу орталығы AIT емтиханын бірлесіп әзірлеуге кірісті.

Жоспарланып отырған өзгерістер емтихан мазмұнын ғана емес, болашақ студенттерді іріктеу тәсілін де қамтиды. Пәндік дайындықпен қатар, ақпаратты талдау, қарым-қатынас жасау, зерттеу жүргізу және цифрлық сауаттылық дағдыларын ескеру көзделген.

Дегенмен реформаның негізгі тетіктері әзірге әзірлеу сатысында. AIT толық енгізілгенге дейін тапсырмалардың құрылымын анықтау, бағалау жүйесінің сенімділігін растау, талаптарды мектеп бағдарламасымен сәйкестендіру және емтихан нәтижелерін жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде пайдалану тәртібін белгілеу қажет.