Қазақстанда түрік университеттерінің филиалдары ашылады
Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас тек саяси-экономикалық мүдделермен шектелмейді. Екі елді тарихи тамыр, рухани сабақтастық және ортақ мәдениет біріктіреді. Осы ретте Мемлекет басшысы елімізде түрік университеттерінің филиалдары ашылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мәдени-гуманитарлық бағыт – қазақ-түрік байланысының басты тіректерінің бірі, ал білім мен ғылым саласы – осы алтын көпірдің негізі.
Бүгінде 12 мыңнан астам қазақстандық студент Түркияда білім алуда. Сонымен қатар, Қазақстанда 300-ге жуық түрік студенті оқып жатыр. Бұл – елдеріміз арасындағы сенімді әріптестіктің және жас ұрпаққа арналған болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарастың айқын көрінісі. Осындай игі істерге қолдау көрсеткен Түркия Президенті мен Үкіметіне шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев сондай-ақ Түркістан төрінде табысты жұмыс істеп келе жатқан Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің маңызын атап өтті. Бұл оқу орны – тек білім ордасы ғана емес, қос халықтың рухани сабақтастығын бейнелейтін символға айналған.
Сондай-ақ Президент Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан Түркияның беделді оқу орындарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылатынын хабарлады. Бұл – екі ел арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі.
Мемлекет басшысы білім беру кеңістігін кеңейту бағытындағы нақты қадамдар туралы да айтты. Атап айтқанда, Түркияның "Маариф" қорының екі мектебін Қазақстанда ашу жұмыстары қолға алынған. Сонымен бірге, былтыр қол қойылған келісім аясында Астана медицина университетінің базасында Медипол Ыстанбұл жоғары оқу орнының филиалын ашу жоспарда тұр.
Бұл – стратегиялық маңызы бар шешім. Біз Түркияның жетекші клиникаларында еліміздің медицина қызметкерлерін оқыту және олардың біліктілігін арттыру бағытында да уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Президент.
Білім мен ғылымды дамыту – бұл тек кадр дайындау емес, бұл – болашақтың негізін қалау. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Түркия арасындағы гуманитарлық әріптестік – тек бүгіннің емес, ертеңгі күннің де берік іргетасы екені даусыз.