Қазақстанда тұрғын үйді бөлу мен үлестіруді Отбасы банк жүргізуі мүмкін
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды Отбасы банкке беру ұсынылып отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.
Министрдің сөзінше, бүгінгі күні қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйге есепке қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жүзеге асырады. Заң жобасы шеңберінде бұл фунцияларды Отбасы банкіне беру ұсынылған.
Бұл ретте азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асырады. Осыған байланысты Отбасы банкін ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр. Отбасы банк берілетін функцияларды орталықтандырылған түрде жүзеге асырады, - деп айтты Қанат Шарлапаев.
Сонымен қатар Отбасы банкіне аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделіп отыр. Сәйкесінше Отбасы банк банктік және басқа да операцияларды тиісті лицензиясыз жүзеге асырады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі және Ұлттық Банк Отбасы Банкіне қатысты мынадай қадағалау функцияларын сақтайды:
- қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау;
- валюталық реттеу және бақылау, қаржылық және өзге де есептілікті алу;
- қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
- ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығының статистикасын қалыптастыру үшін есептілік деректерін жинау;
- бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және тағы басқа.
Отбасы банкін екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығару қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны депозиттерге кепілдік беру жүйесінен шығаруға әкеледі. Осыған байланысты, Отбасы банкінде орналастырылған азаматтардың салымдарына мемлекетпен кепілдік беру ұсынылып отыр, - деп айтты Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.