Қазақстанда тұрғын үй саудасы төмендеді
Мәмілелер саны бойынша Алматы (5 732 немесе 20,9%) және Астана (5 242 немесе 19,1%) қалалары көш бастап тұр.
2026 жылғы ақпан айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 27 421 мәміле тіркелді. Бұл қаңтар айымен салыстырғанда 1,2%-ға аз (27 745 мәміле), деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сүйенсек, мәмілелер саны бойынша Алматы (5 732 немесе 20,9%) және Астана (5 242 немесе 19,1%) қалалары көш бастап тұр. Сондай-ақ Қарағанды облысы (2 250 немесе 8,2%) алғашқы үштікке кірді. Ал ең аз мәміле Ұлытау облысында тіркелді – 255 (0,9%).
Қаңтармен салыстырғанда мәмілелер санының ең жоғары өсімі Абай облысында (+20,4%), Солтүстік Қазақстан облысында (+14,2%) және Алматы облысында (+10,4%) байқалды. Ал ең үлкен төмендеу Шымкент қаласында (-28,3%), Жамбыл облысында (-15,8%) және Қызылорда облысында (-12,9%) тіркелді.
Бір ай ішінде көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 2,1%-ға (466 мәмілеге) азайып, ақпанда 21 259 мәміле жасалды. Бұл жалпы мәмілелердің 77,5%-ын құрайды. Мұндай мәмілелердің басым бөлігі Алматы (24,4%), Астана (24,1%) қалалары мен Қарағанды облысына (8,6%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша ең көп сатылғаны – бір бөлмелі пәтерлер (8 306 мәміле).
Ал жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны ақпанда 2,4%-ға өсіп, 6 162-ге жетті. Бұл көрсеткіштің ең жоғары өсімі Атырау облысында (+29,2%), Қарағанды облысында (+27,4%) және Алматы қаласында (+26,1%) байқалды. Ең үлкен төмендеу Ұлытау (-26,4%), Маңғыстау облысы (-19,4%) және Қостанай облысы (-16%) облыстарында тіркелді.
Жалпы, 2026 жылғы ақпанда тұрғын үй мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5%-ға азайды (2025 жылғы ақпанда – 29 022 мәміле). Ал 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында мәмілелер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға төмендеді.