Қазақстанда тұрғын үй саудасы күрт жанданды: Бір айда келісімдер саны 32,9%-ға өсті

2025 жылғы желтоқсан айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Бір айда 53 128 мәміле жасалып, бұл қараша айымен салыстырғанда 32,9 пайызға көп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мәмілелер санының өсімі елдің барлық өңірінде байқалған. Ең жоғары өсім Маңғыстау облысында (+69,2%), Павлодар облысында (+66,3%) және Ақтөбе облысында (+53,6%) тіркелді.

Жасалған мәмілелер саны бойынша Астана қаласы алдыңғы орында тұр – 11 674 мәміле (жалпы көлемнің 22%-ы). Одан кейін Алматы қаласы – 9 013 мәміле (17%) және Қарағанды облысы – 3 804 мәміле (7,2%). Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркеліп, бар болғаны 427 мәміле жасалған.

Пәтерлер нарығы басым

Желтоқсан айында көппәтерлі үйлердегі тұрғын үйге қатысты мәмілелер саны 31,9 пайызға өсіп, 41 177 мәмілені құрады. Бұл барлық мәмілелердің 77,5 пайызына тең. Пәтерлер нарығындағы негізгі үлес Астанаға (28%), Алматыға (20%) және Қарағанды облысына (7,8%) тиесілі.

Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары болып, бір айда 15 323 мәміле ресімделген.

Жеке тұрғын үйлерге сұраныс артты

Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 36,6 пайызға өсіп, желтоқсанда 11 951 мәміле тіркелді. Бұл сегментте өсім Павлодар облысынан басқа барлық өңірде байқалған. Аталған облыста мәмілелер саны 10,4 пайызға төмендеген.

Ең жоғары өсім Маңғыстау (+83,9%), Ақтөбе (+76,6%) және Батыс Қазақстан (+52,8%) облыстарында тіркелді.

Жылдық динамика

2025 жылғы желтоқсанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 6,2 пайызға артқан. 2024 жылғы желтоқсанда елде 50 046 мәміле жасалған болатын. Жылдық салыстыруда ең жоғары өсім Жетісу облысында (+35,8%), ал ең үлкен төмендеу Ұлытау облысында (–33,8%) байқалды.

Жалпы, 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында Қазақстанда 448 571 тұрғын үй мәмілесі тіркелді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға көп. Ең жоғары жылдық өсім Астана қаласында (+21,6%), Жамбыл (+10,1%) және Жетісу (+10,1%) облыстарында тіркелген.

Ал жыл қорытындысы бойынша мәмілелер санының ең көп төмендеуі Атырау (–13,2%), Ұлытау (–12,5%) және Батыс Қазақстан (–12,3%) облыстарында орын алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы