Қазақстанда тұрғын үй бағасы көтеріле ме?

Қазақстанда тұрғын үй бағасы неліктен өсіп жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізудің қатысы жоқ. Өйткені бұл норма кейінге қалдырылған және тек 2027–2028 жылдары ғана қолданыла бастайды.

Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Ведомство өкілі салық реформасының инфляция мен жылжымайтын мүлік нарығына ықпалына қатысты пікір білдіріп айтты. Оның сөзінше, салық реформасының бизнес пен халыққа әсері жөніндегі талқылауларда қарама-қайшы пікірлер жиі айтылады.

Тұрғын үй бағасының өсуі туралы айтсақ, бұл жерде негізгі салмақты кім көтеріп отырғанын түсіну маңызды. Кейбіреулер бизнес зардап шегеді десе, енді біреулер кәсіпкерлер шығынды тұтынушыларға аударады дейді. Менің ұстанымым мынадай: қазіргі өзгерістер, ең алдымен, бизнестің құрылымына әсер етеді, ал түпкі бағаға тікелей ықпал етіп отырған жоқ. Салық реформасын әзірлеу кезінде ҚҚС мөлшерлемесінің өсуінің инфляцияға ықпалын есептедік. Егжей-тегжейлі талдау жасап, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуінен инфляцияға қосылатын таза үлес бар болғаны 2–3% екенін анықтадық. Бұл деректер Ұлттық банкке берілді, олар неғұрлым нақты модельдерді қолдана отырып, біздің болжамдарымызды растады, – деп түсіндірді Азамат Амрин.

Оның пайымдауынша, қазіргі баға динамикасы негізінен қосылған құн салығына қатысы жоқ өзге факторлардың есебінен қалыптасып отыр.

Қазір байқалып отырған баға өсімі ҚҚС-қа байланысты емес. Тіпті келесі жылға арналған болжамда да бұл салықтың инфляцияға әсері 2–3% деңгейінде қалады. Мысалы, тұрғын үй нарығын алсақ, ондағы қымбаттау салық реформасына тәуелсіз жүріп жатыр. Тұрғын үйге ҚҚС тек 2027–2028 жылдардан бастап алынатын болады, алайда бағалар қазірдің өзінде өсіп отыр. Бұл тұрғын үй құнының қымбаттауы салық өзгерістерінен емес, басқа экономикалық факторлардан туындап отырғанын көрсетеді, – деді ол.

Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов тұрғын үй нысандарына ҚҚС қалай қолданылатынын нақтылады.

Тұрғын үйді салықпен қамту нормасы құрылысы 2026 жылдан бастап басталатын нысандарға ғана қатысты қолданылады. Ал 2024–2025 жылдары басталып, 2026–2027 жылдары пайдалануға берілетін тұрғын үйлерге бұл салық салынбайды, – деп түсіндірді Ержан Біржанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық статистика бюросы
Өзгелердің жаңалығы