Қазақстанның кеден, салық және логистика салалары цифрландырылды
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық серпілістің жаңа кезеңін атады: кеден, салық, логистика қалай өзгеріп жатыр? Нақты деректер мен күтпеген нәтижелер қандай?
Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы цифрлық трансформацияның қарқыны мен оның экономикаға әсеріне ерекше тоқталды.
Дүниежүзілік банк мәліметінше, бүгінде цифрлық экономиканың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 15 пайыздан асқан. Бұл – жаһандық бәсекенің дәстүрлі тауар нарығынан дерек пен технологиялар нарығына қарай ауысқанын көрсетеді.
Президент Қазақстанда бұл өзгерістердің нақты көрінісі енді күшейе бастағанын айтты.
Бүгінгі өзгерістердің әсерін еліміз әлі толық сезіне қойған жоқ. Өткен айда Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды, құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде қаралады, - деді ол.
Сондай-ақ мемлекет басшысы логистика мен кеден саласындағы цифрлық шешімдер бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Қазіргі таңда елде ірі интеграциялық жобалардың бірі – Smart Cargo ұлттық логистика платформасы әзірленіп жатыр. Жүйе ондаған дереккөзді біріктіріп, шекарадан өту рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.
Сонымен қатар Smart Cargo ұлттық логистика платформасы жасалып жатыр. Ол 127 дерек көзіне тікелей қосылады. Тұғырнама адал жұмыс істейтін компанияларға шекарадан тез арада өтуге мүмкіндік береді. Салық саласында да түбегейлі өзгерістер орын алды. Салықтық әкімшілендірудің біртұтас жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартып, екі миллион салық төлеушінің сервисті пайдалануын жеңілдетті, - деді Президент.
Цифрлық трансформация салық және қаржы секторына да әсер етті.
Smart Data Finance платформасының іске қосылуы – елеулі жетістіктердің бірі. Жүйе мобильді аударымдардан бастап ұшақпен сапарлауға дейінгі әрекеттердің бәрін қамтитын 78 дереккөзден аналитикалық мәлімет жинайды. Бюджетке онлайн-мониторинг жасау жүздеген миллиард теңге тәуекелі бар төлемдердің алдын алады. Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім түрі енгізілді. Осы арқылы мемлекеттік сатып алулардың болжамдық-талдамалық моделі жасалып, жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге болады, - деді Тоқаев.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды криптохабқа айналдыру міндетін қойды.