Қазақстанда цифрлық активтерді заңдастыру басталады
Қазақстанда бұған дейін сатып алынған немесе өндірілген цифрлық активтерді ерікті түрде жария етуге мүмкіндік беретін арнайы құқықтық тетік енгізіледі
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, азаматтардың цифрлық активтерін заңды айналымға енгізу үшін арнайы «жасыл дәліз» ашу жоспарланып отыр.
Біз активтерді елге қайтаруға арналған “жасыл дәліз” ашамыз. Бұған дейін цифрлық активтерді сатып алған немесе өндірген азаматтар оларды ерікті түрде жария ете алады. Негізгі талап біреу: активтер қазақстандық провайдерлер арқылы реттелетін инфрақұрылымға ауыстырылуға тиіс, – дейді ол цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту шараларына арналған брифингте.
Цифрлық активтерді ерікті түрде жария етудің құқықтық тетігін осы жылдың соңына дейін әзірлеу жоспарланған.
Бұл бастама азаматтардың цифрлық активтерін заңды айналымға енгізуге, нарықтағы операциялардың ашықтығын арттыруға және активтердің Қазақстанның реттелетін инфрақұрылымы арқылы айналуына мүмкіндік береді.
Брифинг барысында цифрлық активтер нарығының өкілдері көтеріп жүрген тағы бір мәселе сөз болды. Қазіргі кезде жекелеген клиенттердің шоттарына қатысты құқықтық шектеу енгізілген жағдайда, цифрлық активтер провайдерінің операциялық шоттары да бұғатталуы мүмкін. Соның салдарынан платформаның барлық пайдаланушысына қызмет көрсету қиындайды.
Жаслан Мәдиевтің сөзінше, бұл мәселені шешетін арнайы тетік 1 тамызға дейін әзірленеді.
Жекелеген клиенттердің шоттары заңды негізде бұғатталған жағдайда, провайдердің операциялық шоттарының бұғатталуына жол бермейтін тетік әзірленеді. Бір құқық бұзушының әрекетінен платформа мен оның мыңдаған адал пайдаланушысының жұмысы тоқтап қалмауға тиіс, – дейді Үкімет басшысының орынбасары.