Қазақстанда топырақты қорғау туралы жеке заң қабылданды
Құжат топырақты қорғау мен оның тозуына қарсы күрестің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастыруды көздейді.
Сенатта «Топырақты қорғау туралы» заң және жер қатынастары мен агроөнеркәсіптік кешен мәселелеріне қатысты бірқатар заңнамалық түзетулер қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Закиржан Күзиевтің айтуынша, заң жобалары Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Олар топырақты қорғау, оның құнарлылығын сақтау және ұтымды пайдалану саласында жүйелі мемлекеттік саясат қалыптастыруға бағытталған.
Оның сөзінше, бүгінде топырақ – елдің негізгі стратегиялық ресурстарының бірі. Азық-түлік қауіпсіздігі, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы, ауылдық аумақтардың өркендеуі және халықтың әл-ауқаты осы ресурсқа тікелей байланысты.
Сенатор климаттың өзгеруі мен адам әрекетінің әсері жердің тозуын күшейтіп, шөлейттену қаупін арттырып отырғанын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, зерттелген 53,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерінің 2,7 миллион гектары қазірдің өзінде деградацияға ұшыраған.
Сонымен қатар қолданыстағы Жер және Экология кодекстеріндегі нормалар топырақты қорғауға кешенді түрде қарауға мүмкіндік бермейді.
Бүгінде топырақ құқықтық реттеудің дербес нысаны ретінде қарастырылмайды. Оны сақтаудың бірыңғай қағидалары, жүйелі мониторинг және деградациядан қорғайтын тиімді тетіктер жоқ, – деді Закиржан Күзиев.
Сенатордың айтуынша, топырақ – климатымен, су ресурстарымен және биоалуантүрлілікпен тығыз байланысты күрделі биологиялық жүйе. Ол эрозия, сортаңдану, құнарсыздану және ластану сияқты жағымсыз үдерістерге ең алдымен жауап береді.
Заң жобасында ғылыми сүйемелдеуге де ерекше көңіл бөлінген. Депутаттың айтуынша, заманауи ғылыми зерттеулерсіз жер ресурстарын тиімді басқару, климат өзгерісінің ықпалын болжау және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес.
Заң жобасында:
- топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай ұғымдары мен қағидаттарын енгізу;
- мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты айқындау;
- топырақтың жай-күйін кешенді мониторингтеу жүйесін құру;
- жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру жөнінде міндетті талаптар белгілеу;
- топырақты зерттеу, агрохимиялық талдау жүргізу және жерді ұтымды пайдалану технологияларын енгізу арқылы ғылыми қамтамасыз етуді күшейту көзделген.
Сенатордың айтуынша, жеке заң қабылдау халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Мұндай құқықтық құжаттар Германия, Нидерланд, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты бірқатар елде қолданыста бар.
Ілеспе заң жобасында жаңа заң талаптарына сәйкестендіру мақсатында Жер кодексі мен «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңға өзгерістер енгізу қарастырылған.
Құжаттардың қабылдануы топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, жердің құнарлылығын сақтап, қалпына келтіруге, оның тозу қарқынын төмендетуге, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына жағдай жасауға және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.