Қазақстанда The New York Times лицензиясымен алғаш рет журнал жарық көрді
Астанада өтіп жатқан халықаралық Qazaqstan NEXT 2026 форумы аясында Turning Points Qazaqstan 2026 басылымы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Басылым қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді және алдағы 12 айға арналған негізгі жаһандық және өңірлік трендтерге арналған. Мұнда экономика, энергетика, геосаясат, цифрлық трансформация, жасанды интеллект және креативті индустриялар басты назарға алынған.
FIPP төрағасы әрі Kazmedia Holding консультативтік кеңесінің мүшесі Юлия Бойлдың айтуынша, Turning Points жобасының жергілікті нұсқасын іске қосу Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.
Turning Points – The New York Times-тың болашаққа қатысты негізгі трендтерді талдайтын жыл сайынғы жобасы. Бұл жоба алғаш рет Қазақстанда және тұтас Орталық Азияда жүзеге асып отыр. Біз үшін әлемге Қазақстанның жаһандық трендтердің жай ғана тұтынушысы емес, керісінше идеялардың, сараптаманың және инновацияның көзі екенін көрсету маңызды, – деп атап өтті Юлия Бойл.
Оның сөзінше, басылымға халықаралық және қазақстандық сарапшылардың материалдары енгізілген. Атап айтқанда, журналда ҚР Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің отандық университеттер базасында жасанды интеллект пен инновацияны дамыту тақырыбына арналған эсселері жарияланған.
Turning Points Kazakhstan 2026 басылымының цифрлық нұсқасы New York Times Licensing платформасында қолжетімді болады. Бұл журнал материалдарына әлемдік деңгейде қол жеткізуге мүмкіндік беріп, жобаның халықаралық аудиториясын кеңейтеді.
Еске салайық, елордада жаһандық трендтерге арналған Qazaqstan NEXT 2026 форумы өтуде.
Айта кетерлігі, Qazcontent АҚ – форумның ресми медиасеріктесі болып отыр.
New York Times Licensing-нің жаһандық лицензиялау және баспа инновациялары бөлімінің басшысы Майкл Гринспон Қазақстанмен әріпстестікті жоғары бағалайтынын айтты. Ол идеялар қағазда қалмай, әрекетке айналуы керек екенін алға тартты.