Қазақстанда теңге нығайғалы импорттық азық-түлік арзандаған
Теңге рубльге қатысты шамамен 18%-ға, ал АҚШ долларына қатысты 12%-ға нығайған. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ұлттық валютаның нығаюы импорттық тауарлардың құнына және инфляцияның баяулауына қалай әсер еткенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистердің теңге бағамының базалық мөлшерлеме бойынша шешімге ықпалы туралы сұрағына жауап берген Тимур Сүлейменов ұлттық валютаның нығаюы инфляцияны тежеуге елеулі үлес қосқанын айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан экономикасы ішкі сұранысты барлық тауар бойынша отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан ел импортқа тәуелді.
Азық-түлік өнімдерінің шамамен 28%-ын импорттаймыз. Ал аралық және инвестициялық тауарлар бойынша импорттың үлесі 58%-ға жуық. Сондықтан теңгенің қаншалықты нығайғаны бұл тауарлардың бізге қандай теңгелік бағамен келетінін айқындайды, – деді Ұлттық банк төрағасы брифингте.
Теңге бағамы импорт бағасына қалай әсер етеді?
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, теңгенің рубльге және АҚШ долларына қатысты нығаюы осы валюталармен есеп айырысатын импорттық тауарлардың теңгемен есептелген құнын төмендетуге мүмкіндік берген.
Алайда валюта бағамының өзгеруі тауар бағасына дәл сол мөлшерде әсер етпейді. Ұлттық банк төрағасы баға бір рет қалыптасқаннан кейін оның бұрынғы деңгейіне қайта түсуі сирек кездесетінін атап өтті.
Бағалар бір рет қалыптасқаннан кейін, әдетте, бұрынғы деңгейіне сирек қайтады. Дегенмен теңгенің нығаюы бағаның одан әрі өсуіне жол бермеуге мүмкіндік берді, – деді ол.
Сүлейменов импортталатын азық-түлік тауарлары бағасының 3,2%-ға төмендегенін де айтты. Оның пікірінше, теңгенің нығаюы инфляцияның баяулауына қолдау көрсетіп отыр.
Бұл базалық мөлшерлемеге қалай ықпал етті?
Ұлттық банк төрағасы теңге бағамының өзгеруі базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдау кезінде ескерілген маңызды факторлардың бірі болғанын растады.
Сонымен бірге мөлшерлеме туралы шешім тек валюта бағамына сүйеніп қабылданбайды. Реттеуші инфляция динамикасын, халықтың инфляциялық күтулерін, ішкі сұранысты және басқа да тәуекелдерді кешенді түрде бағалайды.
Осы факторларды ескере отырып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,5 пайыздық тармаққа төмендеткен. Теңгенің нығаюы мен импорттық тауарлар бағасына түсетін қысымның азаюы инфляцияны баяулатуға ықпал ететін факторлар қатарында қалып отыр.
Бұ,ан дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 1%-ға төмендету нұсқасын қарастырмағаны хабарланды.