Қазақстанда телевизияны кімдер көреді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазмедиа орталығында өткен «Қазақстанда медиа-контентті тұтыну. Әсер ету факторлары мен даму үрдістері» конференциясында Ұлттық медиа ассоциациясының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев қазақстандықтардың телевизияны көру көрсеткіштерімен бөлісті.

Зерттеу бойынша 2019 жылы Қазақстанда телевизияны күнделікті көретіндер үлесі 52,7%-ды құраса, 2021 жылы көрсеткіш 47% болды. Сондай-ақ көрерменнің телевизияны көру ұзақтығының да төмендеуі байқалады.  Мысалы, 2019 жылы көрермен теледидарды орташа есеппен күніне 107 минут көрсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 88 минутты құраған.

Сондай-ақ зерттеу аясында ТВ контентті көретіндердің әлеуметтік-демографиялық жағдайына да талдау жасалды. Оның барысында ТВ-ны ең көп көретіндер 55 жастан асқан тұрғындар екені белгілі болды. Олар күніне орташа есеппен 100 минутын теледидар көруге арнайды екен. Екінші орында 18-24 жас аралығындағы көрермендер. Олар теледидарды күніне орташа есеппен 92 минут көреді. Үшінші орында 6-17 жас аралығындағы көрермендер. Олар ТВ көруге күніне 87 минутын жұмсайды. 

Телеконтентті гендерлік жағынан тұтынуда айырмашылық жоқ десе де болады. Өйткені ерлер теледидарды орташа есеппен күніне 89 минут көрсе, әйелдер ТВ көруге  87 минут бөледі.

Сонымен қатар, зерттеу барысында жоғарғы білімі жоқ адамдар жоғарғы білімі бар адамдармен салыстырғанда теледидарды көбірек көретіні анықталды. Жоғарғы білімі барлар күніне 82 минут, білімі жоқтар күніне 90 минут уақытын теледидар көрумен өткізеді.   

Айта кету керек, жоғарыда аталған мәліметтер берілген конференция Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Ұлттық медиа ассоциациясының ұйымдастыруымен өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы