30 Қыркүйек 2026, 10:19 Фото: Астана әкімдігі

Қазақстанда тегін заң көмегін кімдер және қалай ала алады?

Қазақстанда азаматтар мен заңды тұлғалар мемлекет есебінен тегін заң көмегін ала алады. Бұл туралы Алматы қаласы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айгүл Бақтымбетова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегі – азаматтарға бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін тегін құқықтық қызметтердің кешені. Бағдарламаны Әділет органдары үйлестіріп, оның сапасын бақылауды жүзеге асырады.

Кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегі бірнеше бағыт бойынша көрсетіледі. Оның бірі – құқықтық ақпараттандыру. Мемлекеттік органдар азаматтарға қажетті құқықтық және жалпы сипаттағы ақпаратты өздерінің ресми интернет-ресурстарында жариялап отырады. Сонымен қатар азаматтар адвокаттардан, нотариустардан және заң кеңесшілерінен құқықтық кеңес ала алады. Ал сотта қорғау және өкілдік ету қызметін адвокаттар атқарады, – деді Айгүл Бақтымбетова.

Оның айтуынша, бұл қызметті көрсететін негізгі субъектілер – адвокаттар, нотариустар және заң консультанттары. Әділет департаментінің мәліметінше, 2025 жылы еліміз бойынша 17 748 адам тегін құқықтық көмек алған. Ал биылғы тоғыз айдың өзінде мұндай көмекті пайдаланғандардың саны 12 мыңнан асқан.

Бұл заң көмегі азаматтар үшін тегін. Адвокаттардың еңбекақысы бюджет қаражаты есебінен төленеді. Бүгінде халықтың құқықтық сауатын арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Азаматтар өз құқықтарын ғана емес, міндеттерін де білуі керек. Заңды құрметтеу мен құқықтық мәдениеттің жоғары болуы әділетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің дамуына ықпал етеді, – деді ол.

Тегін заң кеңесін онлайн алуға болады

Айгүл Бақтымбетованың айтуынша, қазір азаматтар заңгерлік көмекке жазбаша түрде де, онлайн форматта да жүгіне алады. Мәселен, өтініштерді e-Otinish жүйесі арқылы жолдауға болады. Сонымен қатар eZan.kz мобильді қосымшасы арқылы кез келген азамат өзін қызықтырған құқықтық сұрақты жолдап, жедел жауап ала алады.

Жүйеге түскен сұрақтар адвокаттарға жіберіледі. Олар өтінішті қарап, азаматтарға қажетті құқықтық түсіндірме береді, – деді бөлім басшысы.

Бұдан бөлек, Алматының әр ауданында заң консультациялары жұмыс істейді. Онда арнайы кесте бойынша адвокаттар күн сайын кезекшілік атқарады. Тұрғындар өз аудандарындағы заң консультацияларына барып, тегін құқықтық кеңес ала алады.