Қазақстанда тәртіп бұзған мемқызметшілер қандай жазаға тартылады?
Мемқызметкерлерге жаңа талап енгізілмек.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік жазалардың сараланған мерзімдерін енгізу себептері туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдан сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, жаңа заң жобасында мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтілгені байқалады. Оның пікірінше, бұл жерде екі тараптың да мүддесі бар: бір жағынан қоғам мемлекеттік қызметкерлерге қатаң талап қойылуын қалайды, ал екінші жағынан жүктемесі жоғары, жалақысы салыстырмалы түрде төмен мамандар қосымша қысымды сезінуі мүмкін.
Нартай Сәрсенғалиев заң жобасында мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер қатарына есірткіні медициналық емес мақсатта пайдалану және көлікті мас күйінде басқару сияқты құқықбұзушылықтар енгізілгенін атап өтті. Мұндай жағдайларда қызметкер бірден жұмыстан шығарылатынын қолдай отырып, депутат тәртіптік жазалардың мерзімін саралау мәселесіне тоқталды.
Бұрын барлық жазаға бірдей 6 ай мерзім белгіленетін. Қазір ескерту – 2 ай, сөгіс – 3 ай, ал ауыр бұзушылықтар – 6 ай болып бөлінген. Осы саралаудың себебі неде, оның тиімділігі қандай және қандай нәтиже күтіледі? – деп сұрады депутат.
Өз кезегінде Дархан Жазықбай бұл өзгерістердің мәнін түсіндірді.
Оның айтуынша, есірткі мен алкогольге қатысты талаптар ең алдымен мемлекеттік құпиялармен жұмыс істейтін басшыларға қатысты күшейтіледі. Бұл ретте арнайы тексерулер (наркоскрининг) жүргізу қарастырылған. Қажет болған жағдайда мұндай тексерулер басқа қызметкерлерге де қолданылуы мүмкін.
Ал тәртіптік жазаларды саралау мәселесіне келсек, агенттік құқықбұзушылықтарды ауырлығына қарай бөлуді негізге алған.
Біз бұзушылықтарды болмашы, елеулі және өрескел деп қарастырамыз. Соған сәйкес, ескерту – жеңіл жаза ретінде 2 айға белгіленді. Сөгіс пен қатаң сөгіс – 3 ай. Ал өрескел бұзушылықтар үшін, мысалы қызметіне толық сәйкес еместік сияқты жағдайлар, бұрынғыдай 6 ай болып қалдырылды, – деді агенттік төрағасы.
Оның сөзінше, бұл өзгеріс мемлекеттік қызметшілерге қолданылатын жазаларды әділ әрі нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Бұған дейін барлық жаза түріне бірдей мерзім қолданылғандықтан, олардың арасында айырмашылық іс жүзінде сезілмеген.
Бұған дейін мемлекеттік қызметшілерге қосымша демалыс берілуі мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.