Қазақстанда тарифтер не себепті қымбаттайды – экономист пікірі
Қазақстанда биыл да тарифтердің өсуі жалғасады. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Экономист Расул Рысмамбетовтың сөзінше, энергетика саласында еңбек ететін мамандардың лайықты жалақы алуы үшін тарифтер бойынша қазіргі үдеріс жалғасуы керек.
Премьер-министрдің “тарифтер қымбаттайды” дегенін тарифтер босатылады деп түсіндірер едім, яғни ол енді нарық заңдарына сәйкес реттеледі. Тарифтің бір жағында – тұтынушы, ал екінші жағында – біздің мұнайшыларымыз, энергетика саласының қызметкерлері, ЖЭО жұмысшылары, көмір өндіретін шахтерлер бар. Олар қиын, ауыр жағдайда еңбек етіп жүр. Біз тарифтерді ұстап тұрамыз деп, сол адамдарға көбінесе лайықты жалақы төлей алмай жатамыз. Бірақ еліміздегі әр азамат жақсы жалақы алуға құқылы, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, бүгінде мемлекет тарифтердің бір бөлігін өз қаражаты есебінен субсидиялайды.
Алайда мемлекет бұл салада өз салық төлеушілердің ақшасын қолданады. Сәйкесінше, біз салық төлейміз, ал кейін сол салықтар арқылы жанар-жағармайға, коммуналдық қызметтерге субсидия береміз, яғни ақырында ақша өз айналымымызда десек болады. Сондықтан бәрінің бағасы – әділ болуы керек. Әйтпесе, шахтерлер, мұнайшылар, көмір өндірушілер “бізге еңбекақы жетпейді, мемлекет мұнайды арзанға алып жатыр” деп шағымданады. Бұл – әділетсіз баға түзілуінің салдары. Тарифтердің босатылуы осыны қалыпқа келтіреді, – деді экономист.
Еске салайық, бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда биыл да тарифтердің өсуі жалғасатынын айтты.